Шығыс Қазақстанда өнеркәсіптік өндіріс өсімі 39% құрады

0
349
Фото: akorda.kz

Шығыс Қазақстан облысы еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірінің бірі екенін және қазіргідей күрделі жағдайда жақсы өсім қарқынын көрсетіп отыр. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Мен облысқа ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында келіп отырмын. Өнеркәсіптік өндіріс өсімі биылғы 5 айда 39% болғаны, ауыл шаруашылығы 13%-ға өскені, ал еңбекақы 11%-ға ұлғайғаны қуантады», – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірде индустриялық бағдарламаның, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында автомобиль жолдары құрылысының тиімді жүзеге асырылып жатқанын айтып, облыстың өнеркәсіптік әлеуетіне тоқталды.

«Мұнда «Қазмырыш», «Қазақмыс», Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия комбинаты, ең ірі су электр стансасы сияқты еліміздің жетекші кәсіпорындары орналасқаны мәлім», – деді ол.

Мемлекет басшысы жұмыс сапарының бірқатар негізгі тұстарына тоқталып өтті.

«Мен біздің машина жасау индустриямыздың алғашқы қарлығашы –  «Азия АВТО» кәсіпорнына бардым. Қазақстан ешқашан автомобиль шығармаған еді, ал қазір бізде құрастыру өндірісі жолға қойылды. Дамыған автомобиль индустриясы бар көптеген ел нақ осы құрастырудан бастаған. Сосын мамандар даярлап, жергілікті қызметкерлер үлесін ұлғайтып, біртіндеп төл өндірісін іске қосты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы шетелде оқып келіп, бүгінде отандық кәсіпорындарда жұмыс істеп жатқан жас мамандардың үлесін атап өтті.


Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ