Қазақ ғылымының жаңалығы: жол жөндеу жеңілдей түседі

0
269

Автомобиль жолдары саласында «Төменгі температуралы жарықшақтану кезінде асфальтбетонды жол төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы» атты ғылыми жаңалық ашылды. Оның қандай маңызы бар? Алдағы уақытта асфальттерді жөндеу азаюы мүмкін бе? 7kun.kz тілшісі толығырақ түсіндіреді. 

Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) мамандары түсіндіргендей, аталған жаңалықтың ғылым үшін және практика үшін маңызы үлкен.  «Біріншіден, осы жаңалықты пайдалана отырып, асфальтбетонды салып біткеннен кейін, алдағы уақыттарда әр аймақтағы климаттық жағдайды, асфальтбетонның құрамын, материалдардың мөлшерін, қасиеттерін есепке ала отырып, жыл сайын қанша жарықшақтардың болатынын болжауға мүмкіндік бар. Екінші жағынан осы жарықшақтарды қайтсе азайтуға болады, міне, осы сұрақты нысанаға алып, асфальтбетонның құрамын ерекше жобалау тәсілдерін жасауға болады»,  – деді ҚазжолҒЗИ  президенті, ғылыми жаңалықтың авторы Тельтаев Бағдат.

Оның сөзінше, автомобиль жолдарын салуда климаттық карта негізге алынады дейді. Себебі алдағы уақытта әр аймақтың ауа температурасына сай битум мен асфальттың құрамы өзгеріп отыратын болады. Температура төмендеген кезде асфальбетон атомдары өзінің  біртұтастығын сақтап қалу үшін  жарықшақтарды пайда болдырады. Жоба авторларының сөзінше, бұл —  жаңа көзқарас, тың заңдылық.

2«Біз бұрынғы әдістемеде жолдың астыңғы қабаттарын қопару арқылы бақылайтынбыз. Енді (жарықшақтың) кілтипанын астынан іздедік. Өйткені жолдың астыңғы қабаттарының материалдарының әлсіздігінде болуы мүмкін деген ойда болдық. Ал енді мына зерттеуде мүлдем басқаша көрініс», – дейді, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбді Қиялбайұлы.

Аталған жаңалықты Ресей жаратылыстану ғылымдар академиясы және ғылыми жаңалық ашу және өнертабыс авторларының Халықаралық академиясы мойындап отыр. Соның нәтижесінде ғылыми жаңалықтың авторы Телтаев Бағдат Бұрханбайұлына №495 диплом табыс етілді. Бүгінге дейін осы жаңалықтың негізінде екі өнертабыс жасалды, олар патентік ведомствода қаралып жатыр.

Ғылыми жаңалық ең алдымен 2016 жылғы мамыр айында институттың кеңейтілген Ғылыми кеңесінде қаралып, жалпы 57 қатысушының, оның ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар, механика және автомобиль жолдары саласының белгілі мамандарының талқылауынан өтіп, мақұлданды.

Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы (РЖҒА) Төралқасының шешімі бойынша Бағдат Телтаев көрнекті орыс физигі, Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капица атындағы  «Алтын» медальмен марапатталды.

Камила ДҮЙСЕНОВА «7»

«Іскерлік журналистика мектебі» — қаржы, экономика, бизнес тақырыбында жазатын жас журналистерді дайындау мақсатымен іске қосылған жоба.

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ