Банкрот болуға итермелейтін 7 фактор

0
401
Фото:bankrothelp.ru

Елімізде 2015 жылы банкроттыққа ұшыраған 2000-ға жуық кәсіпорын тіркелген. Экономикалық тұрғыдан дамыған мемлекеттерде банкроттық үйреншікті құбылысқа айналғанымен, бұл заңды тұлғаға да, мекеме қызметкерлеріне де моральдық және қаржылық жағынан ауыр тиеді.  Банкроттықты алдын-алуға бола ма? Қандай жағдайларды ескерген жөн? 7kun.kz назарларыңызға кәсібіңізді банкрот болуға итермелейтін жеті факторды ұсынады.

Қаражаттың жеткіліксіздігі

Шотыңызда қарыздарды өтеу үшін  жеткілікті қаражат жоқ делік.  Оған қоса несиелік мекемелер керекті ақшаны беруден бас тартты. Көп жағдайда дәл осы себептерден банкроттық орын алады. Сондықтан алдын-ала барлық түсетін пайда мен кететін шығынды мұқият есептеңіз.

Дұрыс коммуникация болмауы

Инвесторлар,  кредиторлар  және  акционерлер  алдындағы міндеттемелерді дұрыс орындамасаңыз, іскерлік қарым-қатынастың беріктілігі бұзылады. Кредиторлар кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатуға, мүлкін түгендеуге және қолжетімді қаражатын қарыз өтеуге жұмсасын деп жоғару атқарушы органдарға өтініш жасауға құқылы.

Қаржылық жоспардың кемшілігі

Жоспардың жоқтығынан қызметкерлер жұмыстың болашақтағы нәтижесі, яғни пайдасы мен шығыны жайлы нақты болжаулар бере алмайды. Мысалы, тауардан түскен табыс қарыздарды қайтаруға жеткіліксіз болуы мүмкін. Дегенмен, жоспарда бағаның өзіндік құнын дұрыс белгілесеңіз, осы жағдайдың алдын-алуға болады.

Бәсекелестіктің туындауы

Сіз таңдаған бағытты ұстанатын басқа да кәсіпорындардың ашылуы бәсекелестік тудырады. Соның әсерінен қызметкерлер түрлі әрекетке барып, одан пайда көріп немесе керісінше  шығынға ұшырайды. Сондықтан, барлық қызметкерлермен алдағы қадамды сараптап, мәселені ақылдасып, бірлесе әрекет етіңіз.

Қызметкерлердің қарым-қатынасының нашарлауы және жұмысына немқұрайлы қарауы

Еңбек етуге деген қызығушылықтың азаюы немесе қызметкерлердің психологиялық қарым-қатынастарының нашарлауы жұмысты дұрыс атқаруға тосқауыл болады. Есте сақтаңыз, «бірлесе көтерген жүк жеңіл». Басшы ретінде барлығын дұрыс ұйымдастыра біліңіз.

Экономикалық жағдайдың әсері

Ел экономикасында орын алатын түрлі өзгерістер, халықаралық саяси жағдайлар сіздің кәсіпорныңыздың болашақтағы қызметіне тікелей әсері бар. Олар: салықтың көбеюі, экспорт пен импорт ережелерінің өзгеруі, көлеңкелі экономиканың дамуы және т.б. Мысалы, Ресейден экспорт арқылы келетін тауар көлемі көбейді. Ол дәл сіз өндіретін тауарға ұқсас болса, бизнесіңіздің алға жылжуына кедергі келтіреді. Сондықтан  соңғы жаңалықтардан хабардар болып жүріңіз. Кез-келген өзгерістерге дайын болыңыз.

Маркетингтің дұрыс жүргізілмеуі

Сіздің тауарыңыз бәсекеге қабілетсіз болды немесе сұранысты қанағаттандырмады.  Осылай да банкроттыққа ұшырауыңыз мүмкін. Бастысы, жарнаманың тиімді әрі сапалы жүргізілуін жіті қадағалаңыз.

Нұрила Әбдіманап «7»

«Іскерлік журналистика мектебі» — қаржы, экономика, бизнес тақырыбында жазатын жас журналистерді дайындау мақсатымен іске қосылған жоба.

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ