Кәсіпкерден кеңес: Қайрат Құдайберген

0
308

THS GROUP компаниясының негізін қалаушы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшесі Қайрат Құдайберген Іскер мектеп тыңдаушылары үшін дәріс оқыды. Назарларыңызға кәсіпкердің ең өзекті ойларын ұсынамыз. 

Бизнесті қалай бастағаны туралы 

Бизнеске келудегі ең басты мотивациям – үйге табыс табу. Мен 21 жасымда отбасы құрдым. 23 жаста әке атандым. Жанұямды асырау үшін полицияда, құқық саласында жұмыс істедім. Бірақ, тапқан ақшам бізге жетпеді. Өсіп жатқан қызыма қарап, жағдай осылай жалғаса берсе бұдан түк шықпайтынына көз жеткіздім. «Бір жолын қарастырып, бір жолын тауып, бизнеске барайын» деп шештім. Жұмысымды тастап, жаңа жолдар іздей бастағанымда маған құрылыс саласындағы бір компанияда бас директор қызметі ұсынылды. Ол жерде үш жыл жұмыс атқарған соң, өзімнің жеке компаниямды аштым.

Жемқорлық пен тендер туралы 

Мен мемлекеттік тендерлерге қатыспайтыныма өте қуаныштымын. Компаниям (THS GROUP – ред.) бірде-бір мемлекеттік тендерге қатысып көрмеген. Ал, жемқорлық жағы әрине бар. Білесіз бе, біздің мемлекеттің нарықтағы сызбасы қандай? Мемлекеттің өзі адамдарды жемкорлық жасауға итермелейді. Мен тендерді ұтып алған көптеген адамдармен таныспын. Олардың жартысы шығынға ұшырағандар. Неге? Себебі жұмысшылардың жалақысы бар, басқасы бар, сонымен акшаның қайда кеткенін білмей отырады. Негізі адамдар әртүрлі болады ғой. Бұл әркімнің ар-ұятына қарай. Нәтижелі еңбек етемін деген адам ол міндетті түрде парасыз-ақ жетістікке жетеді.

Дағдарыста кәсіп ашу туралы

Расымен де дағдарыс уақытында көпшілік адамдар өз-өздеріне «не істесем болады?» деген сұрақ қояды. Қандай бағытқа барсам? Яғни қандай жол табу керек екенін ойлай бастайды. Менің ойымша, ең бірінші ҚР нарығындағы жағдайды байқап, маркетингтік, қаржылық және аналитикалық талдау жасау керек. Дағдарыста ең қиын нәрсе – кәсібиліктің жетіспеуі. Байқасаңыздар, қаржылай қиыншылықтар туғанда ірі компаниялар ұжымдағы «паразиттерді» яғни артық жалақы алады деп есептейтін «бірінші орынбасар», «екінші орынбасар» секілді адамдарды қысқартады. Себебі, олардың қызметсіз-ақ компания жұмыс жасай алатынын біледі.

Жұмысынан айырылған азаматтар жаңа жұмыс іздеу, өзінің жеке бизнесін бастауға кіріседі. Бірақ адамда  белгілі бір салада кәсіп бастау үшін ең алдымен білім керек. Осыны түсінгендер түрлі курстарға барып өзінің білім деңгейін көтеруге тырысады.

Соңғы үш-төрт жылда елімізде бизнесті қалай бастау керектігін үйрететін курстар көбейіп кетті. Яғни, дағдарыс кезінде тиімді бизнес көздерінің бірі – ол мотивация беретін, нөлден қалай кәсіп бастау керек сияқты орталықтарын ашу. Себебі, жоғарыда айтқандай, кризис уақытында халықтың көпшілігі жаңа кәсіпті игергісі келеді.

Жеке бизнес ашатындарға кеңес

Егер адамда белгілі бір мақсатты бағындырамын деген мақсат болса, ол ешқандай да қорқынышқа қарамайды. Алғашында менде бәрінен қорқатын едім.

3 жыл бойы құрылыс компаниясында жұмыс істедім. Бірақ тапқан табысым өзімдікі емес екенін, тапқан пайданың көп бөлігі басқа біреудің қалтасына түсіп жатқанын түсіндім. Сондықтан да жеке компаниямның негізін салдым. Алғашында «қолыңнан келмейді» дегендер де табылды. Тәуекелге бел буып, қорқынышсыз іс болмайтынын түсіндік. Тіпті, тапсырыс берушілердің өзі бізге күдікпен қарайтын еді.

Компанияның артықшылығы туралы

Алматының өзінде 12 мыңнан астам құрылыс компаниясы бар. Бірақ халықтың көпшілігі олардың бәрі туралы бірдей біле бермейді. Себебі, біреуі жұмысын жақсы атқаруы мүмкін бірақ жарнамасы нашар, ал екіншісінде керісінше дегендей. Біздің THS GROUP-тің басқа құрылыс компанияларынан ең басты айырмашылығы – біздегі қызметкерлердің барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары. Өзбекістан, Тәжікстан секілді елдердің азаматтарын құрылысқа салу сияқты дәстүр бізде жоқ.

Отандық стартап пен инвестиция туралы

Менің құрылыс және IT саласында жұмыс істейтін компанияларымнан бөлек, мобильді қосымша жасайтын стартаптарға қолдау жасаймын. Егер белгілі бір стартап жоба маған ақша түсіретініне көз жеткізсем неге оған инвестор болмасқа?

Қайрат Құдайберген жетістігінің сыры 

Адамдармен дұрыс сөйлесе алу мен білікті мамандарды қасыма жинай алуым – менің бизнесте жетістікке жетуіме себепші болды. Сонымен қатар, бір командамен ұзақ мерзімде жұмыс жасауды да айта кеткен жөн. Кез келген жерде жаңа технологияларды пайдалану арқылы жұмыстың өнімділігін арттыруға болады.

Мейірхан АМАНГЕЛДІ «7»

«Іскерлік журналистика мектебі» — қаржы, экономика, бизнес тақырыбында жазатын жас журналистерді дайындау мақсатымен іске қосылған жоба.

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ