2016 жылғы ірі жемқорлық жанжалдары

0
356
Фото:Vlast.kz

Еліміз үшін желтоқсан айындағы айтулы даталардың бірі — 9 желтоқсан. Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Қазақстандық қана емес әлемдік кеселдің алдын алу үшін 2003 жылдың 9 желтоқсанында БҰҰ да жемқорлыққа қарсы Конвенция қабылдады. Назарларыңызға осы жылдағы Қазақстандағы ең ірі жемқордық жанжалдарын ұсынамыз. 

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев заңсыз сыйақы есебінде 4,2 млрд. теңге көлемінде қаржы алды деп айыпталды. Іс бойынша 23 адам қамауға алынды. Сот шешімі бойынша, Талғат Ермегияевтің өзін мүлкін тәркі етумен, қатаң режимдегі колонияға 14 жылға тұтқындады. Өзге сыбайластары 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Еске сала кетейік, бұған дейін «Астана ЭКСПО-2017» құрылыс департаментінің бұрынғы директоры Қажымұрат Үсенов ұсталып, үйқамаққа алынған. Ол да пара алды және бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталды.

Фото:Tengrinews.kz

Қазақстан журналистер Одағының төрағасы, КазТАГ ақпараттық агенттігінің құрылтайшысы, Ұлттық баспасөз-клубының президенті Сейітқазы Матаевтың үстінен ақпан айында сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыс бойынша іс қозғалған еді. Оны Ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» АҚ-ға  2011-2015 жылдары бөлінген 300 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыптады.

Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Сейітқазы Матаевты заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, салық төлеуден жалтарды деп айыптады. Сондай-ақ, агенттікті басқарып отырған ұлы Әсет Матаевты да  жемқорлыққа қатысы бар деп тұтқындады.

Матаевқа ұрлау және салық төлеуден жалтару фактілері бойынша айып тағылып, қылмыстық кодекс бойынша — 6 жылға, ұлын – 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылданып, түрмеге қамалды.

Фото:Tengrinews.kz

Жемқорлыққа қарсы Департаменттің көзіне іліккен тағы бір журналистердің бірі — «Central Asia Monitor» басылымы мен «Радиоточка.кз» интернет-сайтының басшысы — Бигелді Ғабдуллин.. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның мәліметінше, Ғабдуллин өзі басқаратын сайтқа үнемі мемлекеттік қызметкерлер туралы сыни мақала жариялап отырған. Ал шулы материалды алып тастау үшін шенеуніктерден миллиондаған теңге пара сұрап және газеттеріне мемлекеттік тапсырыс беруді талап етіпті. Тергеу материалдарына сенсек, журналист Жамбыл облысының әкімдігінен 10 миллион теңге бопсалаған. Дәл осы әдіспен 7 мемлекеттік органнан ақша алған көрінеді. Бигелді Ғабдуллинге қатысты бұған дейін де дау шыққан болатын. 2001 жылы оған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Елден кетіп 4 жыл АҚШ-қа барып тұрып келді. Қазір журналист Астанададағы уақытша тергеу абақтысында отыр.

Фото:Aktobenews.kz

Спортсмендер де бұл тізімнен табылды. 8 қарашада «Ақтөбе» футбол клубының директоры Дмитрий Васильев ұсталды. Ұлттық бюро «Облыстық «Ақтөбе» футбол клубы» АҚ қаржы қорынан ақша ұрланғанын анықтаған.

«Сонымен қатар, «Ақтөбе» футбол клубының бапкерлері мен футболшыларына үздік алтылыққа кіргені үшін заңсыз сыйақы берілгені де анықталды. Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңі аяқталғанға дейін 69 миллион теңге заңсыз таратылған. Оның 15 миллионын Васильевтің өзі алған», — дейді ұлттық бюро. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Фото:qostanay.kz

Жемқорлықтың жемі өнер адамдарының да етегінен ұстапты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «Феникс» көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғанын анықтады. Тергеудің мәліметінше, «Қазақфильм» АҚ-ның «Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS» ЖШС-ға фильмнің өндірісіне 79 миллион теңге бөлгені анықталған. «Оның 69 миллион теңгесін картина продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов жымқырған. Ол — «Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS» ЖШС-ның құрылтайшысы», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, қаражат жымқыруға «Қазақфильм» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Г.Ысқақованың және фильмнің атқарушы продюсері Н.Юдинаның қатысы бар екені дәлелденгені хабарланып отыр. 3 қарашада Т.Жаманқұлов шығынды ішінара өтеді және оның қоғамдағы орны, жасы және кепілзат төлегені назарға алынып, Жаманқұловқа қатысты «кепіл» шарасы қолданылды.

«Қорғас» шекара ынтымақтастық халықаралық орталығының президенті Василий Ни қолма-қол миллион доллар пара алып жатқан жерінен ұсталды.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның хабарлауынша, ол «Қорғас Тюльпан» ЖШС өкілінен инвестициялық тендердің жақсы нәтижесі үшін 1 млн доллар пара алған. Кәсіпорынға халықаралық орталықтың аумағында 5-ші санатты қонақүйдің құрылысын салу үшін тендерді жеңіп беретінін уәде еткен

Қазіргі кезде Василий Ни ҚР ҚПК-ның 128-бабына сәйкес ұсталған. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото:Tengrinews.kz

Baiterek Development компаниясының бұдан бұрын ұсталған жетекшілері қамауға алынды. Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен «Бәйтерек  Development» АҚ басқармасының бұрын ұстаған қызметкерлеріне «тұтқындау» бұлтартпау шарасы тағайындалды.  Нақтырақ айтқанда басқармасы төрағасының орынбасары А.Жақыпов, мемлекеттік-жеке әріптестік дирекциясы департаментінің басшысы Б.Айтымбетов, бұрынғы және қазіргі басқарушы директорлар Г.Анарбай Г.Сәриев, «Project City Group» ЖШС басшылары мен құрылтайшылары  К.Смағұлов, Б.Есмұханов, Е.Жұманазар және А.Комарова тұтқындалды.

Тергеушілердің сөзінше, олар жемқорлық сызбаға тартылған құрылыс компанияларынан жүйелі түрде пара ретінде 288 миллион теңге алғанын анықтады. Ұзақ уақыт бойы сыбайлас жемқорлық сызбасын қолданып келген.  Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда.

Ұлбосын НАЙЗАҚҰЛ «7»

«Іскерлік журналистика мектебі» — қаржы, экономика, бизнес тақырыбында жазатын жас журналистерді дайындау мақсатымен іске қосылған жоба.

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ