Көшіруге кім рұқсат берген?

0
289
7kun.kz

Қазақстандағы  авторлық құқық мәселесі интернет мәдениеттің бір бөлігіне айналып келеді. Маңдай терімен жазылған шығарманың өзге біреуге оңай нан болғаны кімге де болса ұнамсыз. Сондықтан кей сайттар материалдарын көшіріп басуға немесе пайдалануға қатысты өз саясатын ұстанады.  Еліміздегі танымал порталдардың қандай да бір еңбекті өзге ресурстарда қолдануға арналған ережелері туралы қысқаша шолуды ұсынамыз.

Капитал іскерлік ақпарат орталығы: «kapital.kz»

Іскерлік портал kapital.kz өз материалдарының қазақстандық БАҚ-та жариялануына қатаң түрде тыйым салған, тіпті, гиперсілтеме болған күннің өзінде де. Сонымен қатар, Капиталдың серіктестері болып саналатын интернет-ресуртар мен теле және радиоарналарда айтылған немесе жарық көрген кез келген ақпарат көшірілмеуі қажет.

Forbes Kazakhstan Іскерлік журналы: «forbes.kz»

Желі қолданушысы  «United Media Group» ЖШС-нің немесе басқа бір авторлық құқық иесінің жазбаша рұқсатынсыз сайттағы ешқандай мақаланы басқа жерде жариялауға, сатуға, таратуға, көшіруге, үшінші біреуге ұсынуға құқығы жоқ. Заңмен қорғалған материалдарды жариялауға немесе басқалай жолдармен пайдалануға рұқсат алған жағдайда, міндетті түрде тауар белгісі немесе сайт әкімшілігіне сілтеме көрсетілуі қажет.

Азаттық радиосы: «azattyq.org»

Азаттық Радиосының Қазақ қызметі өз вебсайтына жарияланған мәтіндерді қайта қолдануға, көшіріп басуға қарсы емес, бірақ материалдарды сатуға қатаң тыйым салған. Бұл сайтқа сілтеме жасауда мына талаптарды орындауға тиіссіз.
Біріншіден, мақаланың www.azattyq.org сайтындағы тұрақты сілтемесін көрсетуіңіз қажет. Екіншіден,  әр мақаланың соңына төмендегі ақпаратты тіркеу керек:
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.
Азаттық радиосының мәтіндерін, фотоларын, аудио және видеоөнімдерін қайта қолдануға рұқсат алу үшін kazakh_web_editors@rferl.org және web@rferl.org адресіне хат жіберіп жауап ала аласыз. Азаттық радиосының серіктестерінің материалдарын пайдаланғанда сол үшінші жақтың да рұқсаты болуы шарт.

“Kazinform” Халықаралық ақпарат агенттігі: Inform.kz

«Қазинформ» ХАА» ЖШС-нің жазбаша рұсаты арқылы сайтта жарияланған материалдарды пайдалануға болады. Ал жаңалық түріндегі хабарламаға бұл міндетті емес, онда тек «Қазинформ ХАА хабарлайды» деп жазса жеткілікті. Ескеретін жайт, егер мақалада «пайдалануға тыйым салынған» деген белгісі болса, онда ол материалды еш жерде пайдалануға болмайды.

Vласть  интернет-журналы: «vlast.kz»

Бұл сайтта басқа БАҚ-ында материалдың 1/3 бөлігін ғана жариялауға рұқсат бар. Бірақ бірінші абзацта Vласть интернет-журналына міндетті түрде гиперсілтеме берілуі қажет. Сонымен қатар, vlast.kz сайтында жарияланған басқа да ақпараттық агенттіктердің материалдарын жариялау олардың өздерімен келісіледі.

NUR.KZ интернет-порталы: «nur.kz»

«Nur.kz» сайты өз материалдарын көшіру, тарату, үзінді келтіруге тек аталған материалға мәтіннің бірінші немесе екінші сөйлемінде белсенді гиперсілтеме жасау арқылы ғана рұқсат еткен. Фотолар, суреттер, видео, инфографиканы кез келген ақпарат құралын сайт логотипі сақталып,  пайдаланылған материалдың астында «©NUR.KZ» жазбасы тұрған жағдайда  ғана пайдалануға рұқсат.

Тенгриньюс интернет-порталы: «tengrinews.kz»

Бұл сайт әкімшілігі де авторлық құқығы өздеріне тиесілі кез келген материалдың үштен бір бөлігін ғана жариялауға рұқсат еткен, тек Vласть  интернет-журналы секілді алғашқы абзацта сайттың гиперсілтемесі болуы міндетті. Ал «Блоги и мнения» айдарындағы кез келген мақала автордың өзімен келісілуі қажет.

«Тoday.kz» Ақпараттық порталы

Today.kz порталы өз материалдарының 30%-ын жариялауға рұқсат, ал мультимедиалық құралдарды тек сайт логотипі сақталған жағдайда ғана пайдалану мүмкін. Сонымен қатар, авторлық колонкалардағы материал сайттың иелігінде емес. Оны көшіру құқығы автордың өз тарапынан беріледі.

«The steppe» интернет сайты: «the-steppe.com»

Бұл сайттың материалдарын көшіріп басу немесе жариялау тек сайт әкімшілігінен жазбаша рұқсат алғанда және белсенді гиперсілтеме болған жағдайда ғана мүмкін.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін 2014 жылы бітірді. Іскерлік журналистика мектебінің түлегі. 7kun.kz сайтында 2016 жылдан бастап істейді.

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ