Аяз Ата мен Санта Клаусқа Алматыдан үй алу үшін қанша қаржы қажет?

0
276

Санта мен Аяз Ата Алматыға көшіп келсе, оларға  қандай баспана қажет болатынын және ол үшін қанша қаражат жұмсалатын еді? Жылжымайтын мүлік сатушыларға арналған Homsters.kz  онлайн-сервисінің мамандары 7kun.kz оқырмандары үшін арнайы есептеу жүргізеді. 

Ресми статистика цифрларына сүйенер болсақ, әр қазақстандыққа орташа есеппен 21,5 шаршы метр баспанадан келеді. Осы мәліметті негізге ала отырып, Аяз Ата мен Санта Клаусқа қолайлы баспана өлшемдерін оңай анықтауға болады.

Аяз Ата мен оның немересі – Ақшақарға екі жатын бөлмесі, қонақ бөлмесі мен жеке кабинеті (бұл – міндетті түрде қажет бөлме, себебі Аяз Ата балалардан келген хатты оңаша отырып оқуы керек қой) бар төрт бөлмелі апартаменттің жарап қалатыны кәдік. Тұрғын үй кешені қала орталығынан алыс емес жерде, тауға жақын маңда, инфрақұрылымы дамыған және экологиясы қарт адамға қолайлы ауданда орналасқаны жөн. Шаршы метрі 390 мың теңге шамасында деп есептегенде ауданы 90 шаршы метр болатын мұндай пәтерлердің әрленер алдындағы құны 35,1 млн. теңгеге шығар еді. Шанасы мен үш атын жайғастыру үшін Атаға жерасты паркингінен тағы екі орын қажет болады, яғни үй бағасына шамамен тағы 8 млн. теңгені қосыңыз. Барлығы – 43,1 млн. теңге.

Ал Санта Клаусқа қаражаттың да, баспана көлемінің де әріптесіне қарағанда, көбірегі қажет. Себебі оның көмекшілерінің өзі бір топ — гномдар, эльфтер мен Рождествоға арналған сыйлықтар өндірумен айналысатын басқа да ертегілік кейіпкерлер бар. Өкінішке қарай, Санта көмекшілерінің нақты саны белгісіз, сондықтан қажеттілік мөлшерін жобалап есептеуге тура келеді.

Сонымен, Алматыға көшіп келгенде Сантаға ең алдымен баспана, шаруашылық және өндірістік нысандар салуға қажетті жер телімін сатып алу керек. Қала аумағындағы бір сотық жердің орташа құны – 4 млн. теңге. Санта Клаусқа үй, таңғажайып көмекшілеріне арналған жатақхана, сыйлық өндіретін цех пен оларды сақтайтын қойма салу үшін және 9 бұғы мен шанаға қажет орын үшін, кем дегенде, құны 40 млн. теңгеге шығатын 10 сотық қажет болады.

Санта жалғызбасты болғандықтан оған 2 млн. теңге тұратын ауданы 50 шаршы метрге дейінгі ағаш үй де жетеді. Өндірісте жұмыс істейтін гномдар мен эльфтерге арналған ауданы 16 шаршы метр болатын 60 пәтерлік бесқабатты жатақхана 240 млн. теңгеге (мұндай пәтерлердің орташа құны 4 млн. теңге деп есептегенде) шығады.

Сыйлық өндіру мен сақтауға арналған әрқайсысының ауданы 200 шаршы метр болатын қос орын құрылысына 8 млн-ға жуық теңге, ал бұғылардың бағымы мен шананы жайғастыруға тағы 4 млн теңгеге жуық қаржы қажет болады. Жалпы алғанда, Санта Клаустың Алматыға қоныс аударуы үшін кем дегенде 294 млн. теңге жұмсалар еді.

Редактор

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ