Депозит туралы өзекті 7 сұрақ

0
121
Фото: Emoney-Market.com

Біздің елімізде кез-келген банктен ашқан жеке тұлғалардың депозитіне мемлекет тарапынан кепілдік берілетінін Сіз білесіз бе? Қандай салымдарға кепілдік беріледі және өтемнің ең жоғарғы сомасы қандай екенін талдап көрейік.

1. Банк салымшылары өз салымдарының сақтандырылуы жайлы қауіптенуі керек пе?

Жоқ. Қазақстанда депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесі жұмыс істейді. Валютасына, пайыздық мөлшерлемесіне қарамастан елдегі барша жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің барлық депозиттеріне мемлекет толық кепілдік береді. Тіпті азаматтардың кез-келген қазақстандық банктен ашылған ағымдағы шоттары мен карт-шоттарындағы ақшасына да мемлекет кепілдік береді. Сот шешімімен бір банктің жұмысы мәжбүрлі түрде тоқтатылған жағдайда, Қор сол банк салымшыларына банкке берген ақшасы бойынша 10 миллион теңгеге дейін кепілдік берілген өтемді төлейді. Қаражат Қордың арнайы резервінің есебінен төленеді. Ол қаражаттың көлемі қомақты: 2014 жылғы 1 қарашадағы жағдайға сәйкес, арнайы резервтің көлемі 200 миллиард теңгеден асты.

2. Кепілдік берілген өтемнің ең жоғары шеткі сомасын кім белгілейді, және болашақта ол меже қайта қарастырыла ма?

Оның сомасы заңда – «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге кепілдік беру туралы» ҚР заңында жазылған. Бұл заңға өзгерту енгізу, оның ішінде ең жоғары шеткі сомаға қатысты өзгерістер де Ұлттық банкінің келісімімен, ҚР Парламентінің қабылдауымен жасалады. Кепілдік берілген өтемнің көлемін арттыру мәселесі әлі талқыланған жоқ. Бұл сома елдегі шынайы да нақты экономикалық ахуалды, депозиттер нарығындағы фундаменталды жайттарды ескеруі тиіс. Мәселен, 2008 жылдың күзінде экономикадағы дағдарыс көріністерін жойып, жағдайды тұрақтандыру кезеңінде кепілдік берілген өтемнің сомасы 700 мың теңгеден бірден 10 миллион теңгеге дейін көтерілген болатын. Ал 2011-ші жылдың соңында ел Үкіметі кепілдік берілген өтемнің ең жоғары шеткі сомасын тұрақты негізде бес миллион теңге деңгейінде қалдыру жөнінде шешім қабылдады.

3. Банк клиенті өз депозитін сақтандыру үшін банкпен немесе Депозиттерге кепілдік беру қорымен қосымша келісім-шарт жасасуы керек пе?

Жоқ, керегі жоқ. Салымшы бар болғаны тек банкті таңдап, сол банкпен банктік салым жөніндегі келісімге қол қоюы керек, немесе, ағымдағы шот, не карталық шот ашуы керек. Мемлекеттік кепілдік депозиттердің барлық түрлеріне беріледі. Сондай-ақ, мұндай кепілдік жеке тұлғалардың банктердегі шоттарындағы барлық қалдық ақшаларына да автоматты түрде беріледі.

4. Егер салымшының бір банкте бір немесе бірнеше депозиті болса, әрі олардың қосынды сомасы бес миллион теңгеден асып кеткен жағдайда қандай кепілдік беріледі?

Банк мәжбүрлі түрде таратылған жағдайда Қор салымшыға сол банктегі барлық депозиттері мен өзге де шоттары бойынша, оның ішінде қосымша жарналары мен шотқа салынған сыйақыларын қоса санағандағы ортақ сома бойынша салымдарын бес миллион теңгеге дейін өтейді. Кепілдік берілген өтемнің ең жоғары шеткі сомасы – бір салымшының бір банктегі барша салымдарына ортақ беріледі.

5. Қор депозит бойынша есептелген сыйақыны тек оның капитализацияланған жағдайында ғана өтейтіні рас па?

Заңға сәйкес, Қор депозит бойынша есептелген сыйақыны өтемейді. Ал сыйақыны капитализациялау дегеніміз – бұл берілген сыйақыны депозит бойынша негізгі сомаға аудару. Салымшылар банк салымы туралы келісімшартты мұқият зерделеп шығуы керек: егер келісімшарт бойынша сыйақы капитализацияланатын болса, онда салымшы банк мәжбүрлі түрде таратылған жағдайда капитализацияланған сыйақының өтелуін талап ете алады.

6. Банк мәжбүрлі түрде таратылған жағдайда салымшыға ақшасы қандай мерзім ішінде қайтарылады?

Банктің мәжбүрлі түрде таратылу жөніндегі сот шешімі өз күшіне енгеннен кейінгі 14 күннің ішінде Қор республикалық БАҚ-дар арқылы төлем жасайтын агент – банкті атап, төлемдердің басталатыны туралы хабарландыру береді. Содан кейін салымшылар бірден сол банкке хабарласып, 10 миллион теңгеге дейінгі кепілді түрде өтелетін ақшасын ала алады.

7. Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру жүйесі әлемдік стандарттарға сәйкес келе ме?

Биыл қазақстандық депозиттерге кепілдік беру жүйесіне 15 жыл толады. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның бұл саладағы жетістіктерін жоғары бағалайды. 2013-ші жылы Депозиттерді сақтандыру жүйелерінің халықаралық қауымдастығы өткізген Ортақ жиналыста «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ депозиттерге кепілдік беру жүйесін дамытқаны үшін аса беделді халықаралық марапатқа ие болды. Қаржы әлеміндегі жаңа қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін Қазақстандағы депозиттерге кепілдік беру жүйесінің үнемі жетіліп отыруы маңызды. P.S. Қор жұмысы туралы толығырақ білгіңіз келсе, www.kdif.kz сайтына кіріп немесе 8 800 080 10 20 телефон нөмірі арқылы «шұғыл желіге» хабарласыңыз. (Қазақстан бойынша қалалық телефондардан қонырау шалу – тегін)

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің түлегі. 2015 жылдан бастап сайттың редакторы.

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ