Келер жыл Си Цзиньпин үшін қауіпті болмақ

0
181

Қытайдың Маодан кейінгі ең ықпалды басшысы Си Цзиньпинге 2017 жылы қауіп төнеді деп ойлаудың өзі ақылға қонымсыз көрінуі мүмкін. Сыртқы көрініс алдамшы болуы да ықтимал, ал оның қолына шоғырланған билік тізгіні бір қарағандағыдай берік емес. Келесі жылы Қытай Коммунистік партиясы XIX жалпыхалықтық съезде Си Цзиньпинге қызмет ететін жаңа лидерлер тобын таңдағанда ол нағыз сынақтан өтпек.

Шындығын айтқанда, 2012 жылдың қараша айында Қытай компартиясының Бас хатшысы болғалы бері Си Цзиньпин билігін нығайту жолында көп жетістікке жетті. Жемқорлықпен күрес жөніндегі тұрақты бағдарламаның арқасында ол 200-ден астам жоғары шенді басшы мен генералды түрмеге қамады, олардың көбі қарсылас топтардың мүшелері болатын. Қарымта шабуыл ұйымдастыра алмаған қарсыластары оның өз жақтастарын партиядағы басты орындарға тағайындағанын бақылап қана отырды.

Бірақ, партияның келесі жиынында мұның бәрі өзгеруі мүмкін. Си Циньпин екінші мерзімге сайланатыны анық, бірақ кадрлық мәселелер бойынша шешім қабылдау кезінде оған оппозицияның қарсылығына төтеп беру қиын болады, мүмкін ол бұл шешімді қабылдаудан бас тартатын да шығар.

Тяньанмынь оқиғасынан кейін Қытай Коммунистік партиясы өкіметтегі тұрақсыздықтың алдын алу үшін келесі төраға мен премьер-министрді билік тізгіні тапсырылардан бірнеше жыл бұрын тағайындап қоятын болды. Дэн Сяопин өз орнына 2002 жылы келетін Ху Цзиньтаоны 1992 жылы таңдап қойды. Партияның жоғары лауазымды басшылары 2007 жылы Си Цзиньпинді бес жылдан кейін қызметінен кететін Ху Цзиньтаоның ізбасары етіп тағайындады.

Бірақ бұл – бейресми жүйе, сондықтан оның заңдық күші жоқ. Демек, ҚКП 2022 жылы кімнің төраға, кімнің премьер болатынын келер жылы анықтағанымен, Цзиньпиннің биліктен кететініне ешкім кепілдік бере алмайды. Ал егер өзіне ізбасар таңдалмаса, онда Си Цзиньпинде көп мүмкіндік болады, ол үшінші мерзімге таласса да, не орнына өзіне жақын адамды ұсынса да өз еркі. Керісінше, егер келесі басшы таңдалса, бұл ҚКП-ның сенімділігі мен заңдылығы үшін өте жақсы болғанымен, Си Цзиньпин одан кейін «шабан ат» болып қалар еді.

Ізбасарына байланысты тартыспен қоса тағы екі бірдей кадрлық мәселе бойынша да Си Цзиньпинге қарсылық болуы мүмкін.

Бірінші мәселе партияның ең негізгі шешім қабылдаушы органы – Саяси бюро Тұрақты комитетінің көлеміне қатысты. Қазір жеті мүшеден тұратын комитеттің бес мүшесі бейресми жас шегіне жетіп, келер жылы зейнет демалысына кетуі мүмкін. Егер Си Цзиньпин тек үшеуін ғана ауыстырып, өзінің жақтастарынан құралған бес адамдық шағын комитет жасақтай алса, онда ол биліктің ең жоғарғы сатысында шексіз үстемдікке ие болады. Бірақ, бұл – оңай маневр емес, себебі оның бақталастары бұған бар күшімен қарсы тұрып бағады.

Екінші мәселе – ҚКП тәртіптік комитетінің басшысы, Си Цзиньпиннің жемқорлыққа қарсы науқанының жетекшісі Ванг Чишанның тағдыры. Егер ол партияның нормаларына бағынып, келер жылы отставкаға кетсе, онда Цзиньпин сенімді серігінен айырылады. Ал егер Ванг орнында қалса, онда комитеттің жасы келген басқа мүшелері ҚКП басшыларының арасындағы жас шегі бойынша ережені жойып, кетуден бас тартуы мүмкін.

Си Цзиньпиннің соңғы жылдардағы жауларын еш қиындықсыз тұқыртқанына қарап, келесі жылғы тартыста ол жеңіске жетеді деп бәс тігуге де болады. Бірақ бір кілтипан бар: ҚКП Орталық комитеті кадрлық өзгерістер туралы ұсынысқа қол қоюы керек, ал тоғыз мүшесінің тұтқындалғанына қарамастан, ондағы 205 мүшенің басым бөлігі Си Цзиньпиннің қарсыластарын қолдап отыр. Егер олар жұмыла әрекет етіп, әлі де біршама ықпалы бар бұрынғы төраға Цзянь Цземинь сияқты ҚКП-ның зейнеттегі басшыларының қолдауына ие болса, олар С.Цзиньпиннің жақсы жоспарларына саботаж жасауы мүмкін.

Си Цзиньпиннің қарсыластары пайдаланатын басты саяси қару – 2013 жылдан бергі саясаттағы кемшіліктер болмақ. Олқылықтар қатарына экономика өсімінің шабандауы, қарыздың өсуі, экономиканы қайта құрылымдауда өрлеудің болмауы және жылжымайтын мүлік саласындағы «сабын көпіршік» жатады. Тіпті егер ҚКП басшылары оны шектен тыс амбициялық жоспар деп тапса, көп жарнамаланып жатқан, түрлі инфрақұрылымдық жобалардың көмегімен Азия мен Еуропаның арасын жалғауды көздейтін «бір белдеу – бір жол» бастамасы да Си Цзиньпиннің осал тұсына айналуы мүмкін.

Алдағы жылдары Қытай экономикасындағы проблемалардың көбейе түсу ықтималдығын ескерсек, Си Цзиньпиннің жоспарына қарсылық күшті болатын сыңайлы. Несие арқылы ынталандыру бәсеңдегендіктен, өсім баяулай береді. АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп айтқан сауда соғысы немесе АҚШ-тың пайыздық мөлшерлемені көтеру ықтималдығы юаньды құнсыздандырып, капитал қайтадан сыртқа қашуы мүмкін. Бірінші және екінші деңгейлі қалалардағы «тырсылдап тұрған» жылжымайтын мүлік нарығының күйреуі капиталдың кетуін жеделдетіп, онсыз да нашар несиелердің кесірінен діңкелеп тұрған қаржы жүйесіне үлкен қысым түсіреді.

Қытайдағы келер жылы болатын билік үшін күресте кімнің бірінші орын алатыны әлі белгісіз. Жақында ғана партияның «бас лидері» деп танылған Си Цзиньпиннің күші әзірге басым сияқты.  Дегенмен, оның қарсыластарын елемеуге болмайды, олардың ставкасы бұдан жоғары бола қоймас. Партияның XIX съезі – Тяньаньмыннан кейінгі тәртіпті сақтап қалудың ең соңғы мүмкіндігі. Демек, 2017 – Си Цзиньпин үшін қауіпті жыл болмақ.

Миньсин Пей – Клэрмонт Маккенна колледжінің менеджмент профессоры, АҚШ-тың Германиядағы Маршалл қорының шақырылған аға ғылыми қызметкері.

 

Copyright Project Syndicate © Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ