Instagram-нан шынайы кәсіпкерлікке

0
838

Әлеуметтік желідегі бизнес — қоғамдағы жаңа кәсіптің бірі. Қалаған тамақ түрін тапсырыс беру арқылы алдырту, киім, тұрмыс техникасы, косметика, үй заттарын сатып алуды смартфонның көмегімен-ақ жүзеге асырып отырғанымызды байқамай да қалғандаймыз. Ал лүпілдер мен бөлісулер интернеттегі танымалдылығыңызға кепілдік береді.

Сондай танымал қазақстандықтардың бірі — Рамазан мен Арай Малгаждар. Олар кішкентай қыздарының Instagram-дағы  аккаунты арқылы Қазнеттегі ең әйгілі парақшалардың иелері атанды.

Арай, сіздер — әлеуметтік желідегі ең танымал отбасының бірісіздер. Қалай басталғанын әңгімелеп беріңізші.

– Тұңғыш қызымыз Әмина сәби кезінен түрлі жануарларды келтіріп, ойнауды жақсы көрді. Біз жазбаларды ютуб каналында отбасы мұрағаты ретінде сақтап жүрдік. Кейін Әмина мен сіңлісі Әдия өздері түрлі көріністер қоятын болады. Қыздарымыздың бейнеқалжыңдары көпшілікке ұнап, инстапарақшамызға өте қысқа уақытта жүз мың адам жазылды. Шыны керек, бұл жағдай біздің отбасымызға үлкен іс бастауға әсер етті. Үш қызды өсіріп отырған біздің қарапайым өміріміз өзгеріп, бизнеспен айналысуға сеп болды. Әрі қыздарым да әлеуметтік желі арқылы өздерінің әртістік қабілеттерін шыңдап жүр.

– Instagram бүгінде бизнес алаңына айналды, жарнамадағы 1 лайк – 1 теңге деген рас па? Әрине, коммерциялық құпия болмаса, келісім қалай жасалады?

– Иа, Instagramда 1 лайкқа – 1 теңге табуға болады деген рас сөз. Бірақ қатып қалған қағида жоқ. Жарнама жасау үшін әр компаниялардың шарттары әр түрлі, ортадағы келісімге байланысты. Жолдасым жұмыста, ал мен балалардың тәрбиесімен айналысып үйде отырдым. Қыздарым қарапайым балабақша мен би үйірмесіне барып жүрген. Ал қазір танымалдығымыз соншалықты түрлі шаралар мен түсірілімдерден бос уақытымыз жоқ. Ең бастысы қыздарым бақытты. Оларға әртүрлі шоулар мен бағдарламаларға қатысу ұнайды.

– Инстаграмдағы танымалдылық жеке бизнес бастауға әсер етті деп едіңіз…

– Иә, жеке бизнес ашуға әлеуметтік танымалдылық шешуші рөл атқарды десе болады. Жазылушылардың саны 100 мыңнан асса, сенің аудиторияңа қарап, жеке кәсіпкерлер өздері байланыс орнатады. Таныстық арқылы бизнес саласының бүге-шігесін біле бастайды екенсің. Шыны керек, оның екі жаққа да пайдасы үлкен. Инстаграмдағы бизнес арқылы өзіміз де киімді онлайн тапсырыс беріп жүрміз. Сатушылардың да саудасын жүргіземіз әрі өзіміз де уақыт үнемдейміз (күліп).

– Жақында балаларға арналған бесік-арбалар сататын дүкеннің тұсаукесерін өткіздіңіздер. Бастама қалай? Бесік-арбалар дүкенде жақсы сатылады ма әлде интернет арқылы өтімдірек пе?

Иә, жаңа дүкен «Сто колясок от Аминокка» деп аталады. Бұл дүкен алдында да жұмыс істеген. Кейінірек дүкенімізге жаңа ат беріп, жан-жақты жарнама акциясын жасап, бизнесті үлкейтіп жатырмыз. Дүкенде қарапайым бесік-арбалардан бастап халықаралық брендтердің өнімдері бар. Ашылу салтанатына келген жұрт та көп болды, үмітіміз ақталды. Тұсаукесерде бағалы заттарды ойнаттық, бірінші күні-ақ жиырма шақты бесік-арбаны саттық. Қазір дүкен ашу арқылы 10 адамды тұрақты жұмыс орынмен қамтып отырмыз.

– Осындай тәжірибеңізден кейін интернеттегі іскерлік туралы оқырмандарға қандай кеңес бересіз?

– Instagram-дағы бағдаралама өз парақшаңдағы жарнама үшін көк тиын да сұрамайды. Яғни, бізге берілген тамаша мүмкіндік. Тек өзіңіз дұрыс жұмыс істей білуіңіз қажет. Мысалы, сіз дәмді торт пісіре аласыз немесе тоқыма тоқисыз. Сол жасағаныңыздың барлығын жарнамалап, сатуға болады. Сіздің де өз аудиторияңыз қалыптасады. Жақсы жаза алсаңыз, ойыңызды толық жеткізіңіз. Жақсы жазбаға зәру оқырмандар көп, ал сіздің достарыңыз көбейеді. Балаңыз талантты болса, вайндар түсіріп, жеке режиссері, продюсері, жанашыры болуға дайын болыңыз. Қалай дегенмен, отбасындағы басты міндеттерді ұмытпау керек. Сәбиіңізді интернет жұлдызы қыламын деп отбасылық құндылықтарды жоғалтып, пайда көздеп, баланың талантын табыс көзіне айналдыруға түбегейлі қарсымын.

– Балаларыңыздың әрқайсысына жеке-жеке парақша ашылған, барлығын өзіңіз жүргізесіз бе? 

Иә, үш қызымның атынан үш парақшаны да өзім жүргіземін, балаларым ол үшін әуреге салынбайды. Олар видеолар мен вайндарды ойын деп қабылдайды. Айтқан ой мен идеяны бірден қағып алады, сондықтан бейне-роликтер жасау бәрімізге қызықты. Біз қыздарды гаджеттерге мүмкіндігінше жолатпаймыз, интернетті шектеп, сурет салып, кітап оқып, жиі далада серуендеуге тырысамыз. Ал инстаграм мүмкіндіктері арқылы менің қыздарым өздігінен ақша табудың, кәсіпкерліктің алғышарттарын түсінді. Жалпы желідегі өмірдің кемшілігінен гөрі пайдасы көп. Бастысы балаларды жағымсыз тұстарынан алыстату қажет.

— Әңгімеңіз рахмет!

 Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. Авторадиода жаңалықтар жүргізушісі болған. Іскерлік журналистика мектебінің түлегі. 7kun.kz сайтында 2015 жылдан бастап істейді.

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ