Өзбекстанның Ұлттық Банкі

2017 жылдан бастап мемлекеттің қаржы саясатында үлкен реформалар жасалмақ. 2016 жылдың қарашасында Шавкат Мирзиёев «Валюта саясатының басым бағыттары туралы» атты қаулының жобасын халықтық талқылауға ұсынған. Бұл құжат — елдегі валюталық шектеуді алып тастау реформасының бастамасы.

Дайындалып жатқан қаулы бойынша енді валюта курсы нарық механизмдерін пайдалану арқылы ғана бекітіледі. Өзбекстан валютасының еркін айналымға өтуі девальвация жақындады дегенді білдіреді.

Бүгінде сумды өзге валютаға айырбастау үшін рұқсат алу процесі туристер мен бизнеске кері әсерін тигізіп жатыр. Шетелдік компаниялар табысын долларға айырбастай алмағандықтан, тәуекелге барғысы келмейді. Сондықтан да, ресми мәліметтерге сүйенсек, Өзбекстанда бар болғаны ресейлік 800 фирма, ал Қазақстанда 20 мыңы жұмыс істейді.

Өзбекстанның валюта нарығы

Өзбекстан – ТМД елдері арасындағы валютаны айырбастауда 3 түрлі курс пайдаланатын жалғыз мемлекет.

  • Орталық банктің курсы. Ақшаны экспорттайтын тұлға өз қаражатының 50 пайызын ғана осы курс бойынша айырбастай алады. Іс жүзінде бұл бағам тек мемлекеттің сыртқы келіссөздерін жүзеге асырғанда ғана пайдаланылады. Сонымен қатар, шаруашылық опрецияларды, бухгалтерлік есептерді шетелдік валютамен жасағанда да осы курс қолданылады.
  • Қолма-қол ақшасыз валюта курсы. Сумды сатушылар мен сатып алушылар арасындағы қолма-қол ақшасыз айырбастау. Бұл бағам бойынша валюта айырбастайтын азаматтар қалған 50 пайыз соманы сатып алушыларға өткізе алады. Өз кезегінде олар да импорттық келісімдер үшін осы курсты пайдаланады. Өзбекстанда валюта қоры жұмыс істейді, бірақ дәл осы курсты бекітіп отыратын арнайы сауда алаңы жоқ.
  • Қолма-қол валюта курсы базарлар немесе т.б. ақша айырбастайтын орындарда қолданылады. Бұл курс шетелге шығатын немесе шетелден келген азаматтарға, орта және шағын кәсіпкерлерге арналған.

Бұдан бөлек, экспорттаушылар сатылымның 50 пайызын Орталық банктің бағамы бойынша жүзеге асыруы қажет деген шектеулер бар. Қалған валюта түсімін пайдалануға қатысты белгілі бір кедергілер кездеседі.

Валюта саясатын либералдандыру дегеніміз не?

«…жаңа заңнамаға сәйкес, мемлекеттен 10 мың долларға дейін қаражатты еркін алып шығуға немесе алып кіруге болады»

Енді, жаңа заңнамаға сәйкес, мемлекеттен 10 мың долларға дейін қаражатты еркін алып шығуға немесе алып кіруге болады, оның ішінде, 2 мың долларға дейінгі соманы заңды түрде жариялаудың қажеті жоқ.  Сонымен бірге, пластикалық карталар арқылы өзге валютамен сауда жасауды енгізу жоспарланып отыр.

Бизнес үшін шетелдіктермен валюта айырбасын және сауда қарым-қатынастарын жасауда ешқандай шектеулер болмайды. Заң бойынша жеке кәсіпкерлер импорт тауарлардың құнын төлеу үшін заңды тұлға ретінде тіркелмесе де болады.

Экспорттаушылар мен импорттаушылар валютаны ішкі нарықтан алуға құқылы. Шетелдік компанияларға үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Өзбекстанның азаматы емес тұлғалар осы елдің банктерінде есепшоттарын аша алады.

Ең маңыздысы – валюта сатудан түскен таза пайданы қайта саудалау міндетті емес.

Бірақ бұл өзгеріс кезең-кезеңімен енгізіледі. Валюта түсімін сату міндетті болып табылатын кейбір тауарлар мен қызмет түрлері бар. Мемлекет бұл тізімді «толықтай жоюға» күш салады. Салық пен жинақты баяғыдай суммен жинайды. Ал дивиденд пен пайданы өзге валютамен төлеуге болады.

Сум девальвацияға ұшырауы мүмкін

Сарапшылар бұл заңды әртүрлі бағалауда: пессимистер де, оптимистер де бар.

Навруз Хуррамов, қаржы кеңесшісі:

-Теориялық тұрғыдан ойласақ, жоғарыда келтірілген жобадағы іс-әрекеттерді жүзеге асса, орташа мерзімді көрсеткішпен алғанда Өзбекстан экономикасында белігілі бір алға жылжу пайда болуы мүмкін. Ал қысқа мерзімді қамтитын болсақ, тиімді нарық механизміне көшу ауыртпалықсыз жүзеге аспайды. Әдеттегідей, мұндай ауысу валюта бағамының бірден өсуіне және банктегі, қор нарығындағы конверсиялаудың біраз уақытқа тоқтап қалуына әкеліп соғуы мүмкін.

Бірақ қазіргі валюта саясатын либералдау арқылы қол жеткізетін нәтиже уақытқа және басқа да экономикалық көрсеткіштерге тәуелді екенін айтуымыз қажет. Себебі бұл экономикадағы бір ғана мәселенің түйінін шешеді. Бұдан бөлек, Өзбекстан экономикасы ұзақ мерзім тұрақты түрде дамып отыруы үшін басқа да құрылымдық өзгерістерді қажет етеді.

Рафаэль Саттаров, саясаттанушы:

— Еліміз терең стагнацияға, яғни тоқырауға ұшыраған, жүйені жаңарту және жаңадан инвестиция тарту қажет. Кез келген өндіруші мұндай экономикаға бас сұққысы келмейді, әрине. Сондықтан билік конверсиялауды ашып, валюта нарығын либералдауы қажет болды. Онсыз сум өз қадірін жоғалтады және экономиканы гиперинфляцияға ұшыратуы мүмкін.

Бұл жүйенің авторлары оған қаншалықты дайын, валюта «секірмесін» ойлап тапқан да солар емес пе?

Юлий Юсупов, экономикадағы тәуелсіз сарапшы:

-Жалпы алғанда, ұлттық валютаны еркін айырбастау енгізілетін болды.

Сумның ресми курсы девальвацияға ұшырайды. Тепе-тең курс  5000-7000 сумның айналасында болады. Валюталық кредиттері бар банктер мен мекемелер және ресми конверсиялауға құқы бар импорттаушылар зардап шегетін болады.

Ал басқаның барлығына, тіпті, экономикаға да бұл тиімді болмақ.

Дереккөз: 365info.kz

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін 2014 жылы бітірді. Іскерлік журналистика мектебінің түлегі. 7kun.kz сайтында 2016 жылдан бастап істейді.

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ