1 айда қазақстандықтар 159,7 млрд теңгеге доллар сатып алды

доллар
Фото: edigest.hk

Алматы. 25 желтоқсан. 7kun.kz – Теңге-доллар валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 2,0%-ға ұлғайды, — деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.

2018 жылғы қарашада теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 364,95-375,90 теңге аралығында өзгерді.

«2018 жылғы қарашаның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,7%-ға әлсіреп (жыл басынан бастап әлсіреу 11,8%), бір АҚШ доллары үшін 371,56 теңге болды. Теңге-доллар валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 15,3 млрд АҚШ доллары (бір айда 2,0%-ға ұлғаю), оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі 2,7 млрд АҚШ доллары (6,5%-ға ұлғаю), биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі 12,5 млрд АҚШ доллары (1,0%-ға ұлғаю) болды», — делінген реттеушінің хабарламасында.

Бір еншілес банктің валюталық тәуекелдерден меншікті капиталды хеджирлеумен байланысты операцияларының көлемі өткен аймен салыстырғанда 15,0%-ға азайып, 7,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте, олардың биржадан тыс сауда-саттықтардың жалпы көлемінен үлесі 58,6%-ды құрады (2018 жылғы қазанда 69,7%).

«Аталған операция ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс немесе ұсыныс көлеміне әсер етпейді», — дейді мамандар.

Сонымен қатар, Ұлттық банктен хабарлағандай, 2018 жылғы қарашада халық нетто-негізде 253,4 млрд теңге сомаға барабар қолма-қол шетел валютасын сатып алды.

Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 63,1% немесе 159,7 млрд теңгеге, Ресей рублін – 25,8% немесе 65,3 млрд теңгеге, еуроны – 11,0% немесе 27,8 млрд теңгеге сатып алуға бағытталды. Алдыңғы аймен салыстырғанда осы шығыстар 21,5%-ға ұлғайды. Валюталардың түрлері бойынша АҚШ долларын  сатып алу шығыстары 32,2%-ға, Ресей рублін сатып алу шығыстары 22,4%-ға ұлғайды және еуроны сатып алу шығыстары 17,3%-ға азайды.