10 млн қазақстандықтың медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді

Фото: total.kz

Алматы. 20 наурыз. 7kun.kz — 10 млн қазақстандық үшін медициналық сақтандыру қорына жарнаны мемлекет төлейтін болады. Бұл туралы ШҚО-ның ақпараттық орталығы хабарлады.

«Медициналық сақтандыруға барлық 18 миллион қазақстандық ілігеді. Ол нәрестелерден бастап егде адамдарға дейін әр адамды қамтиды. Бұл ретте, мемлекет экономикалық жағдайы төмен халық үшін жарнаны өзі жүзеге асырады. Бұл 14 түрлі санаттағы 10 млн 30 мың адам. Оның ішіне 18 жасқа дейінгі балалар  да енді. Қалған  7 миллионнан астам адам — сақтандыру жарнасын өздері төлей алатын жұмыс істеуге қабілетті халық.  Олардың дені жұмыс берушілер», — деп түсіндірді өңірдің диагностикалық орталығында семинарда  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі республикалық штабтың үйлестірушісі Зәуреш Балкенова.

МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілумен амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық медициналық жәрдем, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақмерзімді медбикелік күтім көрсетіледі. Медициналық көмек көлемі қорға аударылатын жарна сомасына тәуелді болмайды. Тек бұл аударымның тұрақты жүргізіліп тұрғаны маңызды.

Естеріңізде болса, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетінін жазған едік. Осы арқылы медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушыларына медициналық қызметтердің ауқымды көлемі ұсынылады. Мұның қалай іске асатынын мына сілтемеден оқуға болады.