10 жылда шетел инвестицияларының түсімі 250 млрд долларды құрады

280
шетел

Алматы. 1 қараша. 7kun.kz – Жапония астанасы Токиода 31 қазанда “Қазақстан өңірлері: жапон инвестицияларына перспективалар” атты Қазақстан-Жапония бизнес-форумы басталды деп хабарлайды Primeminister.kz.

Форумға Инвестициялар және даму министрлігінің вице-министрі Ерлан Хаиров, Kazakh Invest, облыстық әкімдік өкілдері қатысты. Форум қатысушылары Қазақстан – Жапония бизнес қарым-қатынасы саласындағы жетістіктердің нақты мысалдарын, Қазақстан өңірлеріндегі инвестициялық мүмкіндіктерді, инвестициялық саясат мәселелерін және Жапониямен экономикалық қатынастарды дамыту перспективаларын талқылады.

Ерлан Хаиров Жапония Қазақстанның Шығыс Азиядағы басты стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

“Бізде сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия және іскерлік кеңес жұмыс істейді. 2015 жылдан бастап инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім әрекет етеді. Бұдан өзге, жапон азаматтары үшін Қазақстанда визасыз режим енгізілген. ҚР мен Токио, Осака қалаларының арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша нормативтік-құқықтық база құрылды. Осы шаралар іскерлік байланыстардың белсендірілуіне және екі ел арасындағы сауда-экономикалық және әлеуметтік байланыстардың дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді. Жапония Қазақстанның ірі инвесторларының бірі. Соңғы 10 жылда Жапониядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың түсімі $5,5 млрд құрады”,- деді Ерлан Хаиров.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы 10 жылда инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған мақсатты жұмыстардың арқасында, Қазақстанға тікелей шетел инвестицияларының түсімі шамамен $250 млрд құрады.