159 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды

121
Фото: pkzsk.info

Алматы. 10 желтоқсан. 7kun.kz –  2018 жылдың 6-8 желтоқсан аралығында Алматы қаласы аумағында полиция департаментінің барлық қызметкерлерін тарта отырып, «Түнгі қаладағы балалар» атты жалпы қалалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы  Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

2 күндік тексеріс кезінде  ішкі істер органдарына 198 жасөспірім, оның  ішінде 183-і әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жеткізілді. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 15 қараусыз қалған балалар орналастырылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз  ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын жайдан тыс жерлерде жүргені үшін 159 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Компьютерлік клубтардың 7 басшысына қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне жол бергені үшін Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілетін болады.

«Іс-шараның мақсаты — кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қадағалаусыздықтың алдын алу, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерлерде болу фактілерін анықтау, кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сату, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы қызметке тартып жүрген ересек адамдарды анықтау», — деді полиция полковнигі  Лейла Алипбаева.