2 сәуірде бір күндік СВОП сауда көлемі 31,4 млн доллар болды

СВОП
Фото: kaz.tengrinews.kz

Алматы. 5 сәуір. 7kun.kz — Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Әділ Мұхамеджанов Ұлттық банктің валюталық своп операцияларын жүзеге асыруға кірісу туралы шешім қабылдағанын түсіндіріп берді.

«Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктің сұратуы бойынша АҚШ долларын кепілге қоя отырып, бір күнге теңгемен қаражат беретін немесе алатын кезде ақша-кредит саясатының жаңа түрлеріндегі валюталық своп тұрақты қолжеткізу операциясы болып есептеледі», — деді Ә.Мұхамеджанов.

Сонымен бірге, Ә.Мұхамеджанов бұрын Ұлттық банк биржа алаңдарына своп секторында қандай талаптармен қатысқанын айтып берді.

«Бұрын Ұлттық банк мөлшерлемелер дәлізі кең осы нарыққа қатысты, яғни валюталық алу және беру своп операциялары бойынша мөлшерлемелер бір-бірінен айтарлықтай алшақ болды. Кең дәліз своптар бойынша мөлшерлемелердің айтарлықтай ауытқуына мүмкіндік берді», — деп түсіндірді ол.

«Біз бұрынғы құралымыздың тиімділігін арттырдық, әлемдік тәжірибеге сәйкес мөлшерлемелердің АҚШ-тағы және Қазақстандағы дифференциалын ескере отырып, мөлшерлемені күнделікті есептеу әдістемесін әзірледік деуге болады. Валюталық своп алаңында тұрақты түрде қолжетімді операцияларды жүргізу осы нарықтағы мөлшерлемелердің құбылмалылығын төмендетеді», — деді Ә.Мұхамеджанов.

Оның айтуынша, жаңа талаптар мөлшерлемелер дәлізінің тарылуын ұйғарады.

«Мысалы, 2018 жылғы 2 сәуірге бір күндік СВОП-тың сауда көлемі ҚҚБ-да 31,4 млн АҚШ долларын, орташа мөлшерлеме 8,6 пайызды құрады. Ұлттық банк дәлізінің деңгейі теңгені беру бойынша 11,5 пайызды, теңгені алу бойынша 6,69 пайызды құрады. Ұлттық банк қатысқан жоқ», — деді Ә. Мұхамеджанов.

Сондай-ақ, Ұлттық банктің өкілі своп құралы бойынша дәліздің төменгі шегі жоғарғы шегімен салыстырғанда базалық мөлшерлемеге қарағанда симметриялы емес екенін түсіндірді. Оның айтуынша, репомен салыстырғанда, банктерге теңге өтімділігін валюталық своптар арқылы қарызға беру «айыппұлдық» мөлшерлеме бойынша жүргізіледі. Ал, ол долларсыздандыру процесіне ықпал ететін болады.