2016 жылы әуе билеттерінің құны 40%-ға өскен

Фото: ayda.ru

Астана. 1 қазан. 7kun.kz — Осы жылы әуе билеттерінің құны орташа есеппен 40%-ға көтерілген. Бұл туралы ҚР Бас көлік прокуратурасының экономикалық-әлеуметтік сала бойынша заңдылықты қадағалау басқармасының басшысы Алмас Аманов мәлім етті.

«Билет құнының қымбаттауы, көрсетілмеген қызмет үшін төленген қаржының қайтарылмауы, рейстердің кешігуі, жүктердің жоғалуы азаматтардың наразылығын тудырып отыр. Биыл әуе билеттерінің орташа бағасы 40%-ға, бөлек маршруттардың құны 77%-ға дейін қымбаттады. Қазіргі кезде бағаның бұлай көтерілуі монополияға қарсы органдар арқылы анықталып жатыр. Тасымалдаушылардың бағаны көтеруі қаншалықты орынды екенін тергеу нәтижелері көрсетеді», — деді ол.

Басқарма басшысының сөзінше, бастапқыда әуе компаниялары қолданылмаған билет құнын қайтару талаптарын бақылауға алады деп болжанған. Алайда кейбір әуе компаниялар ұшуға бір сағат қалғанда қайтарылған билет бағасының 50%-ын ұстап қалады.

Бұдан бөлек, транспорт өкілі атап өткендей, жолаушылар жүктің жоғалуы немесе бүлінуі себепті арыз түсіреді.

«Мысалы тек биылғы жылдың өзінде жүктің жоғалуына байланысты 800 оқиға тіркелген. Оның ішінде 24-і табылмады», — дейді ол.