Қазақстан Азиялық даму банкінен 1 млрд доллар қарыз алады

Қазақстан Азиялық даму банкінен 1 млрд доллар көлемінде қарыз алады. Қаржы 2016 жылғы мемлекет бюджетін қаржыландыруға жұмсалады. Бұл туралы парламент мәжілісінің кеңейтілген отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

«2015 жылғы 18 қарашадағы №115 қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасы мен Азиялық даму банкі арасында 1 млрд доллар көлемінде қарыз алу туралы келісімге қол қойылды. Алынған қаржы 2016 жылғы мемлекет бюджетінің жетіспеушілігін қамтамасыз етуге жұмсалады», — деді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Ол аталған қаржы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына, үкіметттің экономиканы ынталандыру үшін жасалатын стратегиялық шараларын қолдауға және экономикалық өсімді реттеуге жұмсалатынын айтты.

«АДБ-дан алынған 1 млрд доллар қаржыны өтеу мерзімі — 5 жыл. Сондай-ақ, 3 жылға арналған жеңілдік кезеңі мен ЛИБОР+2% сыйақы мөлшерлемесі бар. Ал қарыздың игерілмеген бөлігін сақтау үшін алынатын комиссия  – 0,75%», — деді қаржы министрі.

Фото: kaz.tengrinews.kz