Т.Құлыбаев: Ұлттық банк қор нарығына қатысуды азайту керек

Ұлттық банк қор нарығына қатысуын азайту керек. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев мәлімдеді. 

Оның сөзінше, соңғы жылдарда мемлекеттің экономикалық секторларға, әсіресе қаржы саласына қатысуы артқан. Осыған байланысты ол жеке басқарушы компаниялардың белсенділігін артыру керектігін атап өтті.

«Жеке басқарушы компаниялар белсенді жұмыс істеуі үшін қор нарығын қайта жандандыру керек. Осыған қатысты Ұлттық банк өзінің қор биржасына қатысуын азайтып, банктер мен басқа да нарыққа қатысушылардың қор нарығын дамытуына мүмкіндік бергені жөн», — деді ол Алматы қаласында өткен кәсіпкерлер конференциясында.

Т.Құлыбаев  Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан теңгемен салынған депозиттерді артыру мақсатында  шаралар  қарастырылып, реттеліп жатқанмен, бизнесте теңге өтімділігінің аз екенін тағы бір еске салды.

«Бізде мұнай бағасы теңге курсына қатты әсер етеді. Бірақ менің білуімше, мұнай бағасы бұдан әрі құлдырамайды. Сондықтан алдағы уақытта тенгемен салынған депозиттер мен ұлттық валютаның өтімділігі көп болады деп ойлаймын», — деді ҰКП президиумының төрағасы.

Фото: azh.kz