Облигация туралы не білу қажет?

Қаржы нарығындағы табыс табудың тиімді көзінің бірі — облигация шығару. Оның акциялардан қандай айырмашылығы бар және қалай пайда келеді? СДУ-дің Экономика және әкімшілік басқару ғылымдары факультетінің деканы Есенғали Өскенбаев 7kun.kz оқырмандарына толығырақ түсіндіреді.

Облигация дегеніміз не?  Не үшін қажет?

Облигация — инвестор (кредитор) мен эмитент (қарыз алушы) арасындағы қарыз түрін білдіретін құнды қағаз. Қарапайым айтқанда, облигация — қарыз. Кез-келген компанияның облигация шығаруы өзге қаржы инситутынан қарыз алып, уақыт өте келе оны иесіне пайызымен қайтаруы керек дегенді білдіреді.

Облигация — қарыз капиталын шоғырландырудың бір түрі. Тарихта Ротшильдер отбасы облигацияларды соғысты қаржыландыру үшін шығарған. Ол уақытта универсалды қаржы ретінде алтын пайдаланылды. Ал кейінірек облигациялар мемлекеттер үшін қаражат жинаудың жақсы құралына айналды.

Қандай түрлері бар?

Облигацияның бірнеше түрі болады. Негізгі екі бағыт: мемлекеттік және корпоративтік. Мемлекеттік облигацияларды Қаржы министрлігі және Ұлттық банк жүзеге асырады. Қаржы ведомствасы фискалды саясат аясында жүргізсе, Ұлттық банк монетарлы саясатты орындайды.

Үкіметтің құзыретінде ақша басып шығару функциясы жоқ, сондықтан ол облигация шығару  арқылы қаражат тартады. Ол облигациялардың негізгі сатып алушысы — Ұлттық банк. Ал Ұлттық банктың оны сатып алудағы мақсаты — нарықты белсендіру, ақша массасын көбейту. Ұлттық банк оларды коммерциялық банктерге сату арқылы нарыққа ықпал етеді. Ал коммерциялық банктердің облигациясын сатып алу арқылы қаражат айналымын ұлғайтады. Бұл дегеніміз жұмыс орындары ашылып, қызмет көрсету сферасы ұлғаяды, жұмыссыздық азаяды. Орталық банктың негізгі мақсаты — жұмыссыздық деңгейі мен ақша инфляция деңгейіне ықпал ету.

Корпоративтік облигациялар — компанияларға тиесілі құнды қағаздар. Компанияларда қаржы шоғырландырудың 2 түрі болады: өзіндік капиталы және облигация яғни қарыз алу. Құнды қағаздарды шығаратын эмитент облигация сатқанымен, компаниясындағы толық бақылау құқығын өзінде сақтап қалады. Корпоративтік облигациялар арқылы кәсіпкерлер банк мөлшерлемесіне қарағанда төмен үстемелер арқылы қаржы тарта алады. Бірақ, әдетте, қазақстандағы кәсіпкерлер қаржыны тікелей екінші деңгейлі банктерден алады.

 Қаншалықты тиімді? Қалай табыс табады?

Облигациядан табыс табу көзі — оның пайыздық мөлшерлемесі арқылы. Қарызға берілген соммамен қатар сізге пайыздық үстемесі де қатар беріледі.

Облигация қаржы тартудың — ең тиімді тәсілі. Ал компаниялар үшін тағы бір тиімді тұсы бар. Облигация шығарған компания салық төлемейді. Яғни, облигация үстінен берілетін пайыздар компания шығыны ретінде қарастырылып, олардың үстінен салық алынбайды.

Облигация мен акция айырмашылығы қандай?

Облигацияны коммерциялық банктер табыс табу үшін сатып алады. Бірақ ол сізге ешқандай құзырет бермейді. Ал акция арқылы сіз құнды қағаз тиесілі компанияның белгілі бір үлесіне ие бола аласыз.

Сондай-ақ облигацияда акциямен салыстырғанда үлкен тәуекел болмайды. Акцияны сатып алған адам келесі жылы компанияның табысы қаншалықты болатындығын, дивиденттер көлемі қаншалықты өзгеретіндігін нақты айта алмайды. Облигацияның табысы оның үстіндегі пайыздық мөлшерлемесі болғандықтан, алдын-ала жазылып қойылады. Несиеден де айырмашылығы да осында. Облигацияда қаншалықты сома алсаңыз да, барлығына бір пайыздық мөлшерлеме бекітіледі. 100 долларлық немесе 1000 долларлық облигацияның да пайыздары бірдей болады.

Қандай қауіп бар?

Облигацияның тәуекелі аз болады. Дегенмен, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді облигациялардың тәуекеліне байланысты өзара айырмашылықтары болады. Әдетте, қаржы нарығында ұзақ мерзімді облигациялар жүзеге асырылады, олардың пайыздық төлемдері аз болады. Ал қысқа мерзімді облиациялардың тәуекелі жоғары, тиісінше пайыздар да жоғары болады. Қысқа мерзімді қарыз шығарудың мақсаты — қаржы айналымын көбейту үшін капитал шоғырландыру. Ұзақ мерзімді қарыз жобаларды қаржыландыру, кәсіпорынды жаңаландыру үшін алынады.

Жалпы, облигация құны нарыққа байланысты өзгеріп отырады.  Егер нарық құлдыраса, облигация бағасы да азаяды. Бұл кезде баға құлдырауының орнын толтыру үшін пайыздық үстемені жоғарылатады. Бұл бәсекелестік заңы үшін қажет, экономикадағы тұрақты қағида.

Облигацияға қалай ие болуға болады?

Облигацияны акция тәрізді биржаға қатысып, ала аласыз. Арнайы ереже бойынша, белгілі бір қаражат лимиті болуы қажет.  Бізде көбінде акциямен жұмыс істейді, облигация кеңінен таралмаған.

Қазақстанда нарығында қаншалықты таралған?

Облигациялар біздің елімізде кеңінен таралмаған. Банк мекемелері көбінде несиені басты назарға ұстайды. Несиенің өз артықшылықтары бар, бірақ құнды қағаздардың басымдылығы көбірек. Уақытында төленеді әрі қолдан-қолға қайта сатуға болады. Екінші нарықта да бірнеше рет сата аласыз, қолдан-қолға өте береді. Батыс елдері мұны жақсы пайдаланады, мемлекет өз саясатын жүргізу үшін де қарапайым адамдарға сатады. Бізде облигация туралы ақпарат та аз, бірақ дұрыс пайдалана білсе, тиімді қаржы құралдарының бірі.