Қытайлық кәсіпкерлермен 2 млрд долларлық меморандумға қол қойылды

Алматы облысының делегациясы Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданының орталығы Үрімші қаласында Қытайдың ірі бизнес өкілдерімен форум өткізді. Бизнес форум жұмысына Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданы (ШҰАА) Үкіметі төрағасының орынбасары Мао Сайдихамуза бастаған 150-ге жуық бизнес өкілдері қатысты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Кездесуде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов екі ел арасындағы сауда байланысының тиімділігін атап өтті. «Алматы облысы сіздермен шекаралас аймақ болғандықтан тиімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік мол. Қазіргі кезде Алматы облысының Қытаймен өзара сауда айналымы 425 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Біз үшін бұл аз көрсеткіш. Сондықтан импорт пен экспортты ұлғайтуымыз қажет деп санаймыз. Сіздерді Алматы облысының аумағында, оның ішінде индустриалды аймақтарға өнеркәсіп орындары мен зауыттар ашуға, бір сөзбен айтқада инвестиция салуға шақырамыз. Біз өз тарапымыздан қажетті барлық көмекті көрсетуге дайынбыз», — деді А.Баталов.

Бизнес форумда облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев қытайлық бизнесмендерге Алматы облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен экономикалық әлеуетін жан-жақты таныстырды. Өз кезегінде Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданы Үкіметі төрағасының орынбасары Мао Сайдихамуза: «Алматы облысының инвестициялық мүмкіндігін таныстырған бүгінгі бизнес форум екі аймақ арасында тығыз қатынастар орнатуға тамаша негіз болды деп санаймын. Осы тұсаукесермен сіздер Алматы облысы мен ШҰАА арасындағы экономикалық ынтымақтастық тарихының жаңа бетін аштыңыздар. Бізді Жетісу жерінің мүмкіндіктерімен қызықтыра алдыңыздар. Бұл қызығушылық екі аймақ арасында талай салада нақты істерге ұласатынына күмәнім жоқ» — деді.

Бизнес форум соңында Алматы облысының әкімдігі 12 қытайлық компаниямен жалпы сомасы 2 миллиард доллардан асатын меморандумға қол қойды. Олардың арасында құны 1 миллиард долларды құрайтын күн электр стансасы құрылысы мен 650 миллион долларды құрайтын агроөнеркәсіп өнімін өңдеу паркін салу жобаларын айтуға болады.