«7-20-25» бағдарламасын тиімді қолдануға арналған механизмдер іске қосылады

216
көпбалалы
Фото: Kn.kz

Алматы. 13 наурыз. 7kun.kz — Президенттің «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасы бойынша  ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Жол картасының 2 тармағының негізгі орындаушысы. Бұл туралы Үкімет отырысында Мемлекет басшысы айтқан бес бастаманы іске асыру жөніндегі жол картасына қатысты баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ұлттық банк әзірлеген механизмдерді есепке ала отырып, сәуір айында «Нұрлы Жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілмек.

«Енгізілетін өзгертулер «7-20-25» бағдарламасының нормаларын тиімді іске асыруға ықпал ететін болады. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту нормалары мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үй займдарын беру параметрлері қайта қаралады»,-деп атап өтті министр Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, жеке құрылыс салушыларға арналған құрылыс алаңдарын дайындау үшін тұрғын үйге қатысты инженерлік коммуникациялардың құрылысын қаржыландыруды жыл сайын 80 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін арттыруды қарастыру ұсынылады.

«Бұл ұсыныс қолдау тапса, біз Қаржы министрлігінің қарауына 20 млрд теңгенің қосымша бюджеттік өтінімін ұсынуға дайынбыз»,-деді министр.

Президенттің «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» Үшінші бастамасына қатысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Жол картасы бойынша қосымша орындаушы болып табылады.

«2015 жылы бес климаттық шағын аудан бойынша 5, 7 және 9 қабатты жатақханалардың 104, 184 және 244 орынға арналған типтік жобалары әзірленді. Жобада бір орынды (10,9 шаршы метр) және екі орынды бөлмелер (13,4 шаршы метр) қарастырылған. 1 шаршы метрінің құны 138,4 мың теңгеден 150,9 мың теңгеге дейін болады. Бекітілген типтік жатақхана жобаларының электронды нұсқалары іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Білім және ғылым министрлігіне қажетті құжаттар ұсынылады»,-деді министр.

Сонымен қатар, Жол картасында «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бесінші бастамасы бойынша министрлікке шілде айында «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысына  Жобалық-сметалық құжаттаманың Мемлекеттік сараптама қорытындысын беру тармағы жүктелді. Жалпы, Жобалық-сметалық құжаттама белгіленген мерзімнен бұрын енгізілсе, министрлік тез арада қарап, тиісті қорытындысын шығаруға дайын.