Ибрагимова Ләззат Еркінқызы

Фото:damu.kz

Ибрагимова Ләззат Еркінқызы 1972 жылы 7 қарашада Ақмола облысында дүниеге келген. 1994 жылы Ақмола ауылшаруашылық институтын «АӨК саласындағы экономика және басқару» мамандығы бойынша тәмамдап, 2003 жылы Еуразиялық гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірді. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1995 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразиялық мемлекеттік университетінің экономика факультетінде оқытушылық қызметтен бастаған.
2004 жылы ҚР БҰҰДБ экономикалық даму бағдарламасының ұлттық сарапшысы болып жұмыс істеді. 2004 жылы тамыз айынан 2009 жылдың қаңтарына дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ корпоративтік дамыту, даму стратегиясы мен талдау, оқыту мен консалтинг департаментін басқарды.
2009 жылы қаңтарынан «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ қаржы институттарын және даму институттарын басқару Дирекциясының арнайы бағдарламалар департаментінің бас менеджері болып қызмет атқарды. 2009 жылдың 17 тамызынан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2011 жылдың 13 сәуірінен бастап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы. Оған қоса 2009-2010 жылдар аралығында «Қазақстан Тұрғын үй жинақ банкі» Директорлар кеңесінің мүшесі, Коммерциялық емес «Кәсіпқор» Холдинг» АҚ тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі. 2016 жылдың 3 ақпанынан бастап «Бәйтерек» Холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2017 жылдың қаңтар айында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  басшысы лауазымына тағайындалды.  
Қазақстан Республикасы Президентінің, сондай-ақ Премьер-министрдің Алғыс хаттарымен, Экономикалық даму және сауда министрінің мақтау қағазымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған медалімен, «Атамекен» Қазақстанның бизнес-қауымдастығының ортақ мүдделерін іске асырудағы және бизнестің, азаматтық қоғамның және мемлекеттің өзара тиімді әрекет етуін қалыптастырудағы ерекше еңбегі үшін медалімен марапатталған.