Ашхабад. 8 маусым. 7kun.kz — Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов газ бен су және электрді тегін таратуды доғару туралы шешім шығарды, деп хабарлады Reuters.
TDH мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, мемлекет басшысы үкімет отырысында мұндай әлеуметтік жеңілдіктерді тиімсіз деп тауып, оның тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға берілетінін айтқан.
Бір кездері негізгі импортшы болған Ресей 2016 жылдың қаңтарында бұдан былай газ сатып алмайтынын мәлімдеген соң, Түркіменстанның табиғи газ экспорты қысқарып кетті. Сонымен бірге Иран да 2016 жылдың қаңтарында төлемдерге қатысты туындаған келеңсіздіктерге байланысты Ашхабадтағы айыптаған еді.
Нәтижесінде жалғыз ғана Қытай Түркіменстанның табиғи газын импорттайтын болды. Ол жылына 35-40 млрд текше метр газ сатып алады.
Бір жыл бұрын Орта Азиядағы ең ірі газ экспорттаушы болған Ашхабад түсімнің төмендеп кеткені себепті компаниялар мен жеке тұлғалардың шетелдік валютаны сатып алуын да шектеген.
Түркіменстанның 5,5 млн халқы 24 жыл бойы электр энергиясы мен табиғи газды белгілі-бір мөлшерде тегін пайдаланып келген. 2014 жылға дейін бұл елде айына 120 литр бензин де тегін берілген.