ЕҚДБ ForteBank-ке 30 млн доллар транш берді

 ЕҚДБ ForteBank-ке 30 млн доллар транш берді
Көрнекі сурет voxpopuli.kazakh.ru сайтынан алынды.

Алматы. 8 маусым. 7kun.kz — Еуропа қайта құру және даму банкі «Даму» Қорының кепілдігімен «ForteBank» АҚ-а 9,3 млрд теңге ($30 млн) көлемінде екінші транш бөлді. Бұл туралы Даму қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) «ForteBank» АҚ-а 9,9 млрд теңге көлемінде бөлген бірінші траншы толықтай игерілді. $25 млн екінші транш микро, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға кетсе, қалған $5 млн ЕҚДБ «Бизнестегі арулар» бағдарламасына бөлінеді. Бұл транштар теңге мен доллардың «ForteBank» АҚ-а салынған уақыттағы нарықтық бағамына сай есептелген.

Кәсіпкерлерге қаржы жылына кем дегенде 14% пайызбен беріледі. Айналым қаражатын толықтыру және инвестиция үшін 120 айға дейінгі мерзімге, 900 млн теңгеге дейін ала алады.

15.12.2016 жылдан 23.05.2017 жыл аралығында 270 заем бөлінген. Олардың ішінде 210 микро, шағын және орта кәсіпкерлік пен «Бизнестегі арулар» бағдарламасы аясында 60 жоба несие алды. Қаржының 60 пайызынан астамы Қазақстанның өңірлеріне берілді. Әсіресе Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Ақтау, Павлодар алда. «Бизнестегі арулар» бағдарламасы бойынша Астана, Алматы, Павлодар, Семей, Қостанайлық кәсіпкерлер белсенділік танытты.

Бұл жобалар 250 жаңа жұмыс орындарын ашады деген жоспар бар. Қаржыландыру барысында салалық шектеулер болған жоқ. Қаражат алған жобалалар ішінде мектепке дейінгі білім беру ошағы, медицина орталығы, сауда, көлік саласындағы кәсіпкерлер бар.

Алдын-ала бағамдау бойынша, микро, ШОБ жобалары мен «Бизнестегі арулар» бағдарламасына берілген несие сомасы 28,5 млрд теңгені құрап, 350 несие алушы осы бағыттар бойынша қаражат алады деп жоспарланған. Олар шамамен 700 жаңа жұмыс орындарын ашып, 9,5 млрд теңге салық төлеп, 69,5 млрд теңгенің өнімін шығарады деп көзделген.