Астана. 8 маусым. 7kun.kz — Қазақстан Президенті тікелей шетелдік инвестициялардың, бөлінген несиенің көлемі мен бірлескен кәсіпорындардың саны жағынан ҚХР еліміздің негізгі экономикалық серіктестерінің біріне айналғанын атап өтті.
«Қазір біз 51 кәсіпорынды Қазақстанға көшіру келісімін жүзеге асырып жатырмыз. Үшеуі жұмыс істеп тұр, алтауы дайындалып жатыр. Энергетика, көлік саласы мен логистика бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сіздің «Бір белдеу, бір жол» атты Жібек Жолын дамыту идеяңызды ерекше атап өткім келеді», – дейді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, энергетика, көлік және логистика саласында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
«Өзіңіз алғаш рет Қазақстанда жария еткен Ұлы Жібек жолын дамыту жөніндегі «Бір белдеу, бір жол» идеяңызды ерекше атап өткім келеді. Біз осы идеяны «Нұрлы жол» бағдарламасымен ұштастыру жөнінде бірлескен келісімге қол қойдық. Қазақстан Қытайдың шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі теміржолды жалғастырып, Хоргосты Алматымен байланыстырды. Сол арқылы ҚХР-дың Қазақстанмен және бүкіл Орталық Азиямен байланысы жолға қойылды. Енді салынған көлік магистральдарының толық жұмысын қамтамасыз ету керек», – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті Қытайдың жақын көрші ғана емес, стратегиялық сипаттағы өзара сенімді қатынас орнатқан достық ниеттегі серіктес екенін атап өтті.
Екі ел арасындағы қарым-қатынас тығыз екенін айтқан ҚХР басшысы «Қазақстан-Қытай қатынастарының стратегиялық сипаты бар екенін білдіреді», — деді.
«Біздің арамызда ең жақын қарым-қатынас орныққан. Өзіңіз орынды атап өткендей, менің бастамаммен Қазақстанда көтерілген «Бір белдеу, бір жол» идеясы бүкіл дүние жүзінде қолдау тапты. Бұл бастама әлемдік үдерістердің қазіргі заманғы жалпы үрдістеріне сай келеді. Шын мәнінде бұл – әлемнің экономикалық жаһандануының қатерлеріне жауап беретін ортақ бастама», – деді Си Цзиньпин.