2017 жылы қарттарды әлеуметтік қолдауға 5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған

859
қарттар
Фото: 24.kz

Астана. 29 қыркүйек. 7kun.kz — 1 қазан дүниежүзінде Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Мұндағы басты мақсат – егде жастағы жандарға қамқорлық танытуға қоғам назарын аудару. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Заңнамада жыл сайын зейнетақы төлемдерін инфляция деңгейінен 2 пайызға артық мөлшерде индексациялау көзделген. Сонымен қатар, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін өсімін қамтамасыз ету үшін  жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі ұлғайтылды.

Зейнеткерлердің кедейлікке ұшырауының алдын алу және азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру аясында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақының тағайындау тәртібі өзгереді және ол еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесінде қатысу өтіліне сәйкес тағайындалатын болады. Бұл дегеніңіз, көп жұмыс істеген және зейнетақы жүйесіне аударымдар жүргізген азаматтардың зейнетақысы көп болады.

Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс деңгейінің құрамын қайта қарау нәтижесінде, оның өлшемі 2017 жылмен салыстырғанда 16 пайызға дейін артып, бұл тиісінше базалық зейнетақының, мүгедектер үшін, асыраушысынан айырылған отбасыларға әлеуметтік жәрдемақылардың,  мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге берілетін жәрдемақылардың және атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін арттыруға септігін тигізеді.

Жалпы, ағымдағы жылы, жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілік аясында 5 млрд теңгеден астам, оның ішінде біржолғы материалдық көмек ретінде – 2,3 млрд теңге (160,2 мың адам); қоғамдық көлікте жеңілдетілген тәртіпте жол жүруге – 854,1 млн теңге (120 мың адам); арзан бағада дәрі-дәрмекпен қамсыздандыруға – 124,8 млн теңге (19,2 мың адам); тіс жөндеуге – 107 млн теңге (1,6 мың адам); шипажай нысандарында емделуден өтуге – 1 млрд теңге (15,1 мың адам); тұрғын үйді жөндеуге – 14,6 млн теңге (171 адам); отынмен қамтуға – 119,6 млн теңге (5,2 мың адам);  көмектің басқа да түрлеріне – 394,8 млн теңге (42,2 мың адам) қаражат жұмсау жоспарланған.

Қазіргі таңда 110 стационарлы интернат үй, 53 күндізгі стационар жұмыс жасайды, олардың қызметімен 3,5 мыңнан астам егде жастағы адам қамтылған. Әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері үйде шамамен 44 мың қарт азамат пен мүгедекке қызмет көрсетіледі. Бұдан тыс, қарт адамдарды, соның ішінде жалғызбасты және тасымалдауға келмейтін адамдарды күндізгі стационар мен үй стационары жағдайында емдеуге жағдай жасалып жатыр.

Бүгінде Қазақстанда 2,1 миллионнан астам жасы келген зейнеткер өмір сүреді.

Естеріңізге салсақ, халықаралық қарттар күнін 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған.