Мемлекеттік органдардың люкс санаттағы көлікті сатып алуы көбейген

Мемлекеттік органдар
Фото: smotacar.com

Алматы. 26 қазан. 7kun.kz — 2017 жылдың 9 айында мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар 6 млрд теңгеге люкс санаттағы 508 автокөлік сатып алды. Бұл туралы Мәжілісмен Кеңес Әбсаттиров мәлімдеді.

Мәжілісмен әкім аппараттарының сатып алған бірдей маркалы көліктерінің бағалары әртүрлі екенін айтады.

«Мысалы «Алматы онкологиялық орталығына» қарастырылған Toyota Camry бағасы 7,5 миллион теңге. Ал Жамбыл облысының Талас, Сарысу, Меркен аудан әкімі аппараттары дәл осы маркалы автокөлікке 12 миллионнан 14 миллионға дейін қаржы жұмсауға дайын. Талдықорған әкімі аппараты дәл осындай автокөлікті сатып алу үшін 23 миллион теңгеден астам қаражат жұмсауды жоспарлаған«, — дейді ол.

Кеңес Абсаттиров «Ақ жол» партиясының атынан ҚР Премьер-министрге қызметтік көлікті сатып алуды қайта қарастырып, Президенттің бюджетті үнемдеу тапсырмаларын елемегендерге шаралар қолдануын сұрады.

Еске салсақ, «ҚазАвтоПром» кәсіпорындар одағының төрағасы Олег Алферов, бағасы 22 миллион теңгеден асатын Toyota Land Cruiser 200 көліктерін Алматы, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен басқа да облыстардың әкімі аппараттары сатып алғанын айтқан еді.