Мәтінді латынға конверттейтін сайтқа жұмсалатын 56 млн теңге туралы IT-мамандар не ойлайды?

253
теңге

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2018 жылы латын әліппесін енгізуге жұмсалатын қаржының көлемін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, әліппені конвертерлейтін сайт пен авторлық құқыққа 56 млн теңге жұмсалады екен. Бұл сома қарапайым конвертер үшін тым көп емес пе? 7kun.kz сайты Қазақстанға белгілі IT-мамандарының пікірін біліп, назарларыңызға ұсынады. 

Конвертер сайтты жасауға 56 млн теңгенің бөлінетіндігі туралы ақпарат шыға сала, әлеуметтік желіде резонанс тудырды. Көпшілік бұл соманың тым көп екенін айтып жатыр. Ал кейбіреулер, тіпті, конвертер сайттарды тегін жасап беруге де дайын екенін айтты.

Kerekinfo.kz сайтының әкімшісі Аршат Ораз конвертер жасаудың еш қиындығы жоқ екенін және қазірдің өзінде тегін конвертерлердің жұмыс істеп тұрғанын алға тартады.

«Ондай үлкен бюджеттің не үшін жұмсалатынын түсінбедім. Өйткені конвертер жасаудың еш қиындығы жоқ. Қазірдің өзінде тегін конвертерлер бар. Оның авторлық құқығы үшін де тым көп сома. Және жалпы авторлық құқық не үшін керек? Халықтың игілігі үшін жасалынатын нәрсе болса оны ешқандай құқықпен шектеуге де болмайды. Былай түсіндірілуі мүмкін: конвертердің әр қолданылуына үкімет демеуші болып, авторларға сол ақшаны халықтың атынан төленеді. Яғни негізінде конвертер ақылы, тек оны мемлекет төлейді халық үшін. Негізсіз деп ойлаймын. Кез келген конвертер тегін болуы керек. Латын мәселесі онсыз да негативке толы қазір, мұндай жаңалықтар одан сайын адамдардың ашу-ызасын тудырады»,-дейді Аршат Ораз.

Ал Google-дің сертификатын алған қазақстандық IT-маман Нұржол Табиғат егер сол 56 млн теңгені білім немесе денсаулық саласына жұмсаса, конвертерді тегін жасап беретін компаниянының табылатынына сенімді.

«Нақты қандай мегажоба әзірлеп жатқандарымен танысқан жоқпын. Ал, жалпы әлемде бұндай конвертерді еріктілер тегін-ақ істей беретін жалпыға қолжетімді құрал болғандықтан, көп қаржы неліктен бөлінгелі жатқаны түсініксіз.

Бұл соманы халық денсаулығы мен білім саласына жұмсап, тегін немесе аздаған сомаға істеп беретін IT-компания елімізде табылады деп ойлаймын»,-деп есептейді Нұржол Табиғат.

7kun.kz редакциясы осы тақырыпқа қатысты тағы бірнеше маманнан пікір сұрағанда, олар «Қып-қызыл абсурд» немесе «Маразмнан басқа ештеңе емес» секілді жауаптармен өз пікірін білдірді.

Қазірдің өзінде Mening-atym.kz конвертер сайты жұмыс істеп тұр.