ЖаңалықтарҚылмысТаңдаулы1

YouTube-тің Калифорниядағы штаб-пәтерінде атыс болды

Алматы. 4 сәуір. 7kun.kz — Калифорнияның солтүстігіндегі Сан-Брунода орналасқан YouTube компаниясының штаб-пәтерінде белгісіз әйел оқ атып, үш адамды жарақаттады, деп хабарлайды BBC.

Зардап шеккен үш адам Сан-Францискодағы Цукерберг госпиталіне жеткізілді. Ауыр халде жатқан 36 жастағы ер адам күдіктінің сүйіктісі болған, деп хабарлайды CBS. Сондай-ақ, 32 және 27 жастағы екі әйел жарақаттанған. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр және орташа ауыр деп бағалап отыр.

Сан-Бруно полиция бастығы Эд Барберини офицерлердің оқиға орнына жергілікті уақытпен сағат 12:48-де жеткенін мәлім етті. Полицейлердің айтуынша, оқиға орнында аласапыран болып, көп адам қашып құтылған. Барберинидің айтуынша, оқ тиген бір адам компания кеңсесінің алдында табылды. Офицерлер бірнеше минут өткеннен кейін өзін-өзі атқан әйел адамның денесін тапқан.

Тағы екі зардап шегуші жақын маңдағы мейрамханадан табылды. Оларға қызметкерлер алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Сондай-ақ, оқиға орнынан қашып бара жатып жарақат алған бір адам ауруханаға жеткізілген. Күдікті табылғанда қолында тапанша болған. Оның кім екені хабарланған жоқ.

Айта кететін жайт, YouTube штаб-пәтерінде 1700 адам жұмыс істейді. Компания Google-ға тиесілі және сол аудандағы ірі компания саналады.

Tags

Осы айдарда

Close