Жетінші Алматы Марафонға 14 мыңнан астам адам қатысты

Алматы
Фото: Первый Тульский

Алматы. 23 сәуір. 7kun.kz — Кеше Алматыда Орталық Азиядағы ең үлкен спорттық шара жетінші Алматы Марафоны өтті.

«Биыл «Алматы Марафон» 38 елден 14 мыңнан астам жүгірушіні жинады. Бүгін барлығымыз бірге жаңа трассаны тексереміз», -деді Алматы Марафонның негізін салушы, «Бірінші болу батылдық» қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.

Айта кетейік, жанкүйерлерді қосқанда шараға келушілер саны 30 мыңнан асты. Олардың ішінде Норвегия, Испания, АҚШ-тан келгендер бар. Ашылу шарасына марафонның Бас серіктесі – Kaspi-дің Директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, Kaspi-дің Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе қатысты. Сөреде стартты Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастап берді.

Дәстүрге сай трасса 10-14 жастағы балалар үшін 3 шақырым, 10, 21,1 шақырым (жартылай марафон), 42,2 (марафон) және 10 шақырым Скандинавиялық жүру деп бөлінді.

«Спорттық шараларға қаламызда қызығушылық өсіп келеді, биыл тіркелгендер саны былтырғғы жылға қарағанда мың жарым адамға артық. Бізге тіркеуді уақытынан бұрын жабуға тура келді – қатысушыларға берілетін лимит ресми түрде тіркеу жабылуға 1,5 күн қалғанда таусылды. Барлық қатысушыларды маусымдық старттарда қайта қабылдауға дайынбыз»,-дейді Алматы Марафонның директоры Салтанат Қазыбаева.

Биыл старттық жарнадан жиналған қаражат балалардың онкологиялық хосписі мен даму ерекшелігі бар балалардың арнайы екі мектебіне беріледі. Ол жерде спорттық алаң салынып, жабдықтар сатып алынбақ. Оған серіктестер берген қаражат та қосылады. Марафонға спортшылармен қатар түрлі мамандық иелерінен көруге болады. Шара тек спортсүйерқауым үшін ғана емес, тұтас ұйымдар үшін маңызды шараға айналды.

Биыл Экиден эстафеталық жарысына 99 команда қатысқан. Көпшілігін компания басшыларының өзі бастап шықты. Жүгірушілер арасында Александр Винокуров, Айсұлу Әзімбаева, Аружан Жазылбекова сынды спорт, шоу-бизнес өкілдері де болды. Финиш пен жеңімпаздарды марапаттау Республика алаңында өтті. Марафондық қашықтықта Михаил Красилов 2:33:00 нәтижесімен және Дана Айдосова (3:04:51) абсолютті жеңімпаз болып, 400 000 теңге ақшалай жүлдеге ие болды. Барлық қатысушылар мәреге келушілерге арналған естелік медальдармен марапатталды. Ал жеңімпаздар мелдаль, грамота, естелік сыйлықтарға ие болды.