Ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы 13,3 млн транзакция жүргізілді

жүйелері
Фото: Atameken Business Channel

Алматы. 30 мамыр. 7kun.kz — 2018 жылғы қаңтар-сәуірде Ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы 262,6 трлн теңге сомаға 13,3 млн транзакция жүргізілді. Орташа алғанда, бір күн ішінде аталған төлем жүйелері арқылы 3,3 трлн теңге сомаға 165,8 мың транзакция жүргізілген.

2018 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың көлемі 5,5 трлн теңге сомаға 212,7 млн транзакцияны құрады. Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымында қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер үлесі 61,1%-ға дейін өсті, қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер көлемінің үлесі 28,6%-ға дейін ұлғайды.

2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында төлем карточкаларының шығарылымын 25 банк пен «Қазпочта» АҚ жүзеге асырды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 20,5 млн бірлік болды. 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша төлем карточкаларына қызмет көрсету желісі төмендегідей: 9,9 мың банкомат, 132,3 мың POS-терминал, 827 банк дүңгіршегі болды. 2018 жылғы 1 мамырда Қазақстанда төлем жасауға төлем карточкаларын қабылдайтын 82,4 мың сауда кәсіпорны жұмыс істеді, бұл 2017 жылғы 1 мамырдағы олардың санынан 14,6%-ға асты.