Жалақысы төмен жұмысшылар қосымша айлық алады

қосымша
Фото: obk.kz

Алматы. 20 маусым. 7kun.kz – Республика бойынша жалақысы төмен жұмысшылар 29 млрд теңге қосымша жалақы алады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өтіп жатқан жергілікті өкілдік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылдың 5 наурызында Мемлекет басшысы 5 әлеуметтік бастамасын жариялады. Екінші бастамаға сәйкес, 25 айлық есептік көрсеткіш немесе 63 мың теңгеден төмен жалақы алатындар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі 10 есеге азайтылады. Жалпы республикада мұндай еңбекақыны 2 миллионнан астам адам алады. Негінен бұл — ауыл шаруашылығы мен саудада», — деді ол.

Оның айтуынша, аталған бастаманы іске асыру мақсатында мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс жүргізілді. Жұмыс нәтижесі бойынша жалақысы төмен жұмысшылардың жеке табыс салығын төмендетудің оңтайлы тетігі айқындалды.

«Мәселен, айлыққа салынатын табыс салығы 90 пайызға азайтылатын болады. Қалған еңбекақыға 10 пайыз мөлшерлемемен жеке табыс салығы салынады. Яғни, салық жүктемесі 10 есеге төмендейді. Сонымен бірге жұмыс берушінің әкімшілік шығындары барынша азайтылды. Жалпы республика бойынша жұмысшылар 29 млрд теңге шамасында қосымша еңбекақы алатын болады», — деді Руслан Дәленов.