Ақша қалай пайда болды?

1369

Ақшаның өндіргіш күштер мен тауар қатынастарының біршама жоғары дамуы нəтижесінде пайда болғандығы ертеректен бізге белгілі. Ақшаның жаратылысын зерттегендегі басты анық болғаны, ол, оның тауарлы шығу тегіне байланыстылығын көрсетеді.

Тауар — сатуға немесе айырбастауға арналған еңбек өнімі. Осы еңбек өнімінің тауарға айналуы ақшаның пайда болуының объективтік алғы шарттарын туғызған. Нақты жəне абстракты еңбектің, жеке жəне қоғамдық еңбектің бөлінісі, тұтыну құны мен құнның арасында тауар табиғатына байланысты болатын қайшылықтар айырбас құнның əр түрлі формаларын туғызды.

Айырбас – бұл бір тауар өндірушіден, екінші біреуіне жүретін тауардың қозғалысын білдіреді. Мұнда тауарлардың баламалылығын (мал = бидай = балта), яғни, тауардың түріне, сапасына, формасына жəне тағайындалуына байланысты өлшенуін талап етеді. Сонымен қатар, əр түрлі тауарлардың бір біріне өлшенуіне ортақ негіз болуы қажет. Мұндай негізге тауарлардың құны, демек тауар өндірісі процесінде жұмсалатын жəне сол затқа айналып отырған қоғамдық еңбек жатады. Тек қоғамдық еңбек қана (жеке адамның еңбегі емес) тауарларды өлшенетін жасайды. Нарықта бір тауарды екінші бір тауарға айырбастаудың өзі бұл тауарларға еңбектің шығындалғандығын, яғни екі тауардың да құнының барлығын көрсетеді. Осыған байланысты жекелеген тауарларды өндіруге жұмсалған еңбек əр түрлі болып, нəтижесінде олардың құндары да бірдей болмайды.

Сөйтіп, қоғамдық еңбекті немесе құнды сандық жағынан өлшеу қажеттігі туындап, айырбас құнының (1 мал = 1 қап бидайға) ұғымы туындайды. Айырбас құны – бұл бір тауардың басқа да бір тауарға белгілі сəйкестікте айырбасталу қабілетін білдіреді. Натуралды шаруашылық тұсында өнім тек өндірушінің жəне оның жан- ұясының қажетін қанағаттандырғандықтан да, ол тұтыну құны қасиетіне ие болды. Тауар өндірісі тұсында өндірушіні өз өнімін айырбастау үшін, бірінші кезекте құны, содан кейін оның тұтыну құны қызықтырды.

Тауардың тұтыну құны болмаса, яғни оны ешкім қажет етпесе, онда оны айырбастау мүмкін емес. Демек, айырбасқа арналмаған тауардың өндіруші үшін тұтыну құны болса жеткілікті. Ал, егер де тауар айырбасқа арналған болса, онда, оның өндіруші үшін айырбас құны мен сатып алушы үшін тұтыну құны болуға тиіс.

Сөйтіп, тауарлар айырбасының дамуы өз кезегінде құнның мынадай формаларының қалыптасуына себеп болған:

• Алғашқы формасы — өндіргіш күштердің төменгі даму сатысына тəн құнның жай жəне кездейсоқ формасы. Айырбастың бұл формасында бір еңбек өнімі екінші бір еңбек өніміне тікелей айырбасталынып отырған. Мысалға, бір мал бір қап бидайға айырбасталды.

• Екінші формасы — бұл құнның толық немесе жалпы формасымен сипатталады. Еңбек бөлінісінің дамуы жəне өндірістің өсуі нəтижесінде нарықтағы тауарлар саны мен түрлері арта түседі. Мұнда, көбіне, бір тауар басқа да көптеген балама-тауарлардың айырбасында жүрген. Мысалға: 1 қап бидай = 1 қойға = 1 балтаға = 1 құмыраға жəне т.б.

• Үшінші формасы – бұл құнның жалпылама формасы. Əр тауар өндіруші өздерінің еңбектеріне қарай барлығына бірдей қажет жалпылама тауар алуға тырысады. Осыған байланысты жергілікті нарықтарда, тауарлар массасынан жалпылама балама ролде жүретін тауарлар ығысып шығады. Мұндай тауарлар ролін, кей халықтарда мал (ертедегі гректе, римдіктерде, славяндарда, моңғолдарда жəне т.б.), аң терісі (Скандинавияда, ертедегі Русьте), шай (Қытайда), тұз (Абиссинияда), піл сүйегі (Оңтүстік Африкада) атқарады. Ресейге қосылғанға дейінгі Қазақстанның кейбір алыс түпкірлерінде ішкі сауда-саттық жүргізу үшін жалпыға бірдей балама ретінде тоқты немесе саулық қой пайдаланылған. Бірақ, аталған тауарлар мұндай ролде ұзақ уақыт жүрмеген, себебі олар тауар айналысының талаптарын толығымен қанағаттандыра алмайды жəне өздерінің қасиеттеріне байланысты баламалық шартына сəйкес келмейді.

• Құнның жалпыға балама формасының дамуы нəтижесінде барлық тауарларға тікелей айырбасталатын тауарлар əлемінен ерекше бір тауар — ақша тауары қалыптасты. Ол тауар ролін бағалы металдар: алтын жəне күміс атқарды. Сонымен, ақша — бұл барлық тауарлардың құнын өлшейтін, жалпыға балама айрықша тауар. Ақшаның объективті қажеттігі тауар өндірісі жəне айналысының болуына сəйкес қалыптасты. Ақша — бұл тауар айналысының құралы жəне оның ізбасары. Тауар мен ақша бір бірінен бөлінбейді, себебі ақша айналысынсыз тауар айналысының да болуы мүмкін емес. Ақша тауардан бөлініп шыққанымен де ол, айрықша тауар ретінде қала береді. Ақшаның жалпыға бірдей балама ролін атқару алтынға жүктеледі. Сондықтан, алтынның басқа тауарлардың құнын бейнелеуі, оның ең бастысы мынадай табиғи қасиетіне байланысты: біріншіден, алтынның табиғи сапалылығы, яғни оның оңай бөлінетіндігі, əдемілігі жəне тозбайтындығы; екіншіден, құны өте жоғары, сондай-ақ, оның қорының сиректігі мен өндіруге кететін еңбек шығыны жоғары болуы.

Ақша — өндіріс жəне бөлу процесіндегі адамдар арасындағы қатынасты бейнелейтін, тарихи түрде дамып келген экономикалық категория.

Ақшаның экономикалық категория ретіндегі мəні, оның мынадай үш қасиетінің біртұтастығынан байқалады:

• жалпыға тікелей айырбасталу формасы;

• айырбас құнының дербес формасы;

• еңбек өлшемінің заттай (материалдану) формасы.

Жалпыға тікелей айырбасталу формасы, оның кез келген материалдық бағалы затқа айырбасталатынын сипаттайды. Екіншісі тауарларды сатумен байланыссыз. Соңғы қасиеті, тауар өндіруге жұмсалған еңбектің ақша көмегімен өлшеуге болатын құнын сипаттайды.

Мәлімет: Мақыш С.Б. «Ақша, несие, банктер теориясы.»