Ақтөбе облысында екі жылда шамамен 9 млрд теңге үнемделеді

838
Ақтөбе
Фото: kazfin.kz

Ақтөбе. 24 ақпан. 7kun.kz — Бұл туралы тұрғындармен кездесуінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады.

Өңір басшысының айтуына қарағанда, өткен жылы облыстық әкімдік аймақ экономикасы салаларының ішкі резервтерін шығару жөніндегі 2015-2016 жылдарға есептелген жоспарын бекітті.

«Бірінші кезекте біз әлеуметтік нысандарды, мемлекеттік және ведомостілік кәсіпорындардың автокөліктерін сұйылтылған газға ауыстыруды көздейміз. Бұл жылына 500 миллион теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрып қалған ғимараттарды есепке алып, одан әрі тиімді пайдалану бойынша шаралар қолға аламыз»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Кен орын игеруші компанияларда қазақстандық үлесті арттыру, шетел инвестицияларын тарту, халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс істеу, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, оның ішінде «Туған елге тағзым» акциясын (тек 2016 жылы 2,4 млрд.теңге тарту көзделіп отыр) қолға алу жөнінде көп жұмыс тындырылды.

«Бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында өткен жылы 6,5 млрд. Теңге оптимизацияланды, биыл 2,3 млрд.теңге үнемделмек. Оптимизациядан үнемделген барлық шығын қосымша жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, білім беру нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады», — деді облыс әкімі.