Ақтөбеде Magnum мен Carrefour ашылады

Фото: kapital.kz

Ақтөбе. 8 қыркүйек. 7kun.kz — Бүгін аймақаралық кооперацияны дамыту аясында Алматыдан Ақтөбеге бизнес-делегация келді. Оңтүстік астанадан барған өнеркәсіп компаниялары, банк, бөлшек сауда желісінің өкілдері Ақтөбеде өздерінің филиалдарын ашуға ниетті. Олардың қатарында MagnumCash&Carry және Carrefour Kazakhstan бар. Бұл туралы Kapital.kz хабарлады.

Айта кетейік, Алматыдан барған делегация құрылыс материалдары, лифт құрылғылары, трансформатор және радиатор өндірісі салаларына қызғушылық танытып отыр. Шенеуніктердің сөзінше, жаңа жобалар арқылы бәсекелестік дамып, тауар өнімдерінің түрі көбейіп, баға төмендейді.

Аймақтағы кәсіпкерлікті басқару жетекшісі Анар Даржанованың сөзінше, қалада жаңа өндіріс пен компаниялардың пайда болуы облыс экономикасына оң әсер етеді.

«Бұдан бұрын біз Минскінің лифтілерін сатып алатынбыз, енді қазақстандық өнімді неге сатып алмасқа. Ақтөбеде өндірілмейтін құрылыс материалдары бар. Бізге келетін компанияларды тек қарсы алуға дайынбыз. Өндірісте олар біздің ұнды, етті, майды пайдаланатын болады. Олардың сапасы біздің өндірушілердің құлшынысын арттырады әрі жүмыс орындары пайда болады», — деді Анар Даржанова.

«Біз инвесторларға кадрларды оқыту, жер бөліп беру және қарым-қатынас орнату бойынша көмектесуге дайынбыз. Бізде инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, мемлекеттің өз бизнес жоспары бар», — деді ол.