«Айқын» тоғызқұмалақтан турнир өткізді

тоғызқұмалақтан

Алматы. 18 мамыр. 7kun.kz — «Алматы Арена» спорт кешенінде журналистер арасында тоғызқұмалақтан Aikyn Media Open турнирі өтті.

Бұл шара «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 13 жылдық мерейтойына орай өткізілген кезекті шара.

Тоғызқұмалақ турниріне Алматы қаласының жірналистері мен Астана, Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысының өкілдері қатысты.

Жалпы саны 10 жұп–20 журналист бақ сынады. Ойынға тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақапбаева мен бірінші дәрежелі төреші Азамат Қалдыбаев төрелік етті.

«Бүгінгі өткізіліп жатқан турнир Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен орайлас келеді ғой деп ойлаймын. Тоғызқұмалақты ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүрген журналистер ойнаса, ақылына-ақыл, нақылына нақыл қосылмай ма деген ой бар. Сондықтан осы турнирді өткізуге ниет етіп, алғаш рет бастап отырмыз. Турнирдің сәтті өтуі әріптестеріміздің белсене қатысуына байланысты. Журналистер олжалы болып, оза шауып жатса, бәрімізге де қуаныш. Жарыстың сәтті өтуіне Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов мырза тілектестігін білдіріп отыр. Тоғызқұмалақ әлем халқы ойнайтындай, компъютерлік жүйеге енгізілді. Бұл қазақтың ұлттық ойынының мерейлі биікке көтерілгені. Мұны бәріміз де қуана қолдауымыз қажет. Сондай-ақ,  қазақ ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті  Бекболат Тілеухан мырза да ұлттық ойын түрлерін дамытуға белсене атсалысып жүргенін бәріңіз де жақсы білесіздер. Бұл жолы да қауымдастық журналистер арасында өтіп жатқан  сайысқа демеушілік жасап отыр. Сондықтан жүлде қоры қомақты. Тек ақылмен, оймен, қисынмен, тоғызқұмалақтың тартысты өтуіне атсалысуымыз қажет», — деп атап өтті «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.

Үздік шыққандар мен ойын барысында жақсы нәтиже көрсеткендерге демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жүлделі үшінші орынды «Үркер» журналының тілшісі Нұрлан Құмар, екінші орынды блогер Бақытжан Қаділбек иеленді. Ал «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ғабит Сапарбеков бас жүлдені жеңіп алды. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлық, бас жүлде иегеріне Түркияның Анталиясына екі адамға ұшақ билеті табысталды.

Еске салсақ, осыған дейін редакция ұжымы шахмат шеберін анықтайтын дүбірлі дода ұйымдастырған еді.