Айбек Қуатбаев: Мақсатым – он бес жылда компанияны IPO-ға шығару

ҚазҰУ-дың 2 курс студенттері құрған бұл компанияның жылдық табысы 10 млн асады. 2 жыл ішінде 120-ға жуық сайт жасаған. Жыл сайын үлкейіп келе жатқан жас компанияның Минск пен Анкарада өкілдігі бар. Әлемдік компанияға айналып, 15 жылда ІРО-ға шығуды армандайтын «Bugin Group» компаниясының құрылтайшысы Айбек Қуатбаевтың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

-Айбек, әңгімені Bugin Group-тың кешегісі туралы  бастасақ. Қалай басталды?

-Университетте оқып жүрген кезде, 2 курста жүргенде Bugin.kz жобасының идеясы ойыма келді. Қазақстандағы жаңалықтар сайтын жасауды жоспарладым. Бірақ, ол кезде жүргізуге мүмкіндік болмады. Тәжірибенің аздығы әрі қаражат жағы қол байлау болды. Дегенмен, уақыт өте келе жиналған командамен бірге Bugin Group компаниясын құрдық. Компанияның атқаратын қызметтері – сайт жасау, мобильдік қосымшалар, жасалған өнімдерді дамыту және қолдау.

-Яғни, студент кезде басталды

-Иә, студент кезде басталды.

-Бүгінгі күнге дейінгі статистикаға көз жүгіртсек

-Жұмыс істегелі 2 жыл болды. Осы жылдары командамыз 120-ға жуық сайт жасады. Жасалған қосымшалардың саны 10-ға жетіп отыр. Соның ішіндегі ең үлкен қосымша – «Сұрақ-Жауап» сайтына арналып жасалды. Біз барлық қосымшаларды екі платформаға лайықтап жасаймыз: iOs және Android. Осы жұмыстардан бөлек 20 шақты компанияға техникалық қолдау көрсетеміз.

-Айбек, табыс туралы статистиканы айта аласыз ба? Әлде, құпия…

-Құпия емес. Жұмыс бастаған жылы жылдық табысымыз 6 миллион теңгені құраған. 2014 жылы 10 миллион теңгеге өсті. Ал, ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығының өзінде компания 11 миллион теңге пайда таптық.

-Көп адамдар табысын жасырады. Сіздердегі ашықтық қуантып отыр.

-Бұл сандарды ешқандай құпия ұстағымыз келмейді. Себебі, адамдар қазір нарықтық бағадан хабардар. Біздің бұрыннан бергі мақсатымыз – халыққа пайдалы өнім шығару. Ал, менің жеке мақсатым – Қазақстанды IT арқылы әлемге таныту.

Aibek2

-Жалпы қарасаңыз, кез-келген істі бастап, жүргізіп кету қиынның қиыны. Сіздерге IT-компания құру қаншалықты қиын болды?

-Әрине, басында оңай болған жоқ. Барлығымыз студентпіз, тәжірибе жоқ. Ешкім қаражаттандырған жоқ. Қаршадай 2-курс студенттеріміз. Өзім «Work and Travel» бағдарламасымен Америкада оқып келдім. Сол кезде ол жақтың жаңадан бір өнім жасауға деген ұмтылысын көріп, қанаттандым десе де болады. Содан Қазақстанға келіп, команданы қайта жасақтадым. Біраз қиыншылықтар кездесті. Тіпті қазірдің өзінде біз өзімізді «ірі» компаниямыз демейміз. Алар асуымыз алда, көптеген еңбектер жасауымыз керек.

— Бизнесті қалыптастырудың алғашқы кезіндегі ең қиын нәрсенің бірі – қаржы көздерін табу. Біреу несие алады, біреу грантпен бастайды. Сіздер бұл мәселенің түйінін қалай шештіңіздер? 

-Біздің команда тек бір рет қана грант ұтып алған. Ол Астана қаласында өткен Blogcamp қазақ блогшыларының құрылтайында. Грант – «Қазақтелекомнан» бір жыл тегін интернет болатын. Бізге осы салада бизнес бастауға капиталдың көлемді болуы маңызды болған жоқ.  Олай болатын екі себебі бар: біріншісі – біздің отыратын кеңсемізді ҚазҰУ көмек ретінде, тегін беріп отыр. Яғни, ай сайын ақша төлемейміз. Екінші себеп – біздің жұмысымыз интеллектуалды. Бастапқы капиталды аса қажет етпейді. Белгілі бір өнімдер шығармаймыз, оны қайта өңдемейміз. Негізгі қызметіміз сервис қой. Бастапқы кезде, әрине, өзімнің жеке қаражатымнан салдым. Бірақ, ол өте көп сома деуге келмейді.

-Демек, өзін толықтай ақтады?

-Иә, әрине, ақтады.

-Айбек, 20 жылдан кейін компанияны қалай елестетесіз? Стратегияларыңыз бар шығар?

-Біз алдағы жоспарларымызды бес-бес жылға бөліп қойғанбыз. Яғни, алдағы бес жылда Қазақстандағы мықты ІТ-компания болуды көздейміз. Одан кейінгі бес жылда Еуразия континентінде, одан кейін әлемде деген сияқты. Ал, ең негізгі мақсатымыз – он бес жылда IPO-ға шығу.

-Оған 15 жыл аздық етпей ма?

-Мақсат болса жеңіске жетуге болады.

-Жақсы. Келесі сұрақ. Айталық, мен оқуды енді бітірген студентпін. ІТ-маманы болғым келіп, сіздерге жұмыс сұрап бардым. Сіздердің қатарларыңызға қосылу үшін менің бойымда қандай қасиеттер болуы керек?

Aibek1

-Бізде команда жинағанда басты мақсатымыз ол – «команда» дегенді ұғымды түсіне білуі керек. Бұл жерде компаниямыздың өзіндік философиясы бар. Ол алға қойылған мақсаттар мен екі жыл жасаған жұмысымыздың қорытындылары. Көптеген жас студенттер келіп, қызығушылық танытып отырады. Негізгі критерий – өз ісін тиянақты етіп орындау және әрқашан алға деген ұмтылыс пен кұш-қайраттың көп болуы. Жаңадан келген адамға біз еш нәрсе білмесең де, сені қабылдаймыз, саған бәрін үйретеміз. Тек бір шартпен: бізбен соңына дейін бірге болуың керек. Егер осындай ниетің болса, командамызға қош келдің деп айтамыз. Критерий дегенде нақты мынадай бағдарламаларды меңгеруі шарт дей алмаймыз. Себебі, қараңыз, мектепте әлі Си, Паскаль тілдерін үйретіп жатыр. Ал, өзге мемлекеттер ол жағынан біраз ілгері кетіп қалған. Осы себептен біз талап етпейміз. Өзіміз үйретеміз. Тек командамен жұмыс істей алатын қасиеті болуына қатты мән береміз.

-Командаңызда қанша адам бар?

-Бізде жалпы саны 12 қызметкер бар. Сайтқа кірсеңіздер, біздің 3 жерде өкілдігіміз бар. Астана қаласында тапсырыстар қабылдаумен айналысатын адамдарымыз бар. Белорусияның Минск қаласында да өкілдеріміз жұмыс істейді. Бүгінге дейін ол жерден екі тапсырыс келіп түсті. Және үшінші қала – Анкара. Бірақ, әзірге ол жерден тапсырыс түсе қоймады. Бас кеңсеміз – Алматыда. Барлық бағдарламашы, мамандарымыз осы Алматы қаласында.

— ІТ-саласында кәсіпті алғашқылардың бірі болып бастаған жақсы ма, әлде бәсекелес көп болғанда жұмыс жақсы жүреді ме?

— Алғашқылардың бірі болып бастаған оңай. Бірақ, бәсекелес көп кезде бастаған қызығырақ. Бәсеке бар жерде — сапа болады. Сапа болған соң, жұмыс жүреді. Біздің философиямыз бойынша, бізге келген әр тұтынушы бізге келіп, демалу керек. Ешқандай басын ауыртпай, артық ойланбауы керек. Оның орнына барлығын біз жасаймыз. Басында бастап кеткен оңай. Бәсеке жоқ, болған күннің өзінде көп емес. Жұмыстың дамуы оңайырақ болады. Бірақ, бәсекелестіктің жөні бөлек. Әр компания бір-бірімен жарысады, озып түсуге талпынады. Нарықта сапалы компаниялар көбейеді. Қазақстанда жылына кем дегенде он шақты ІТ-компания қатарымызға қосылып тұрса, мен қатты қуанар едім.

-Бәсекелестеріңіз көп па?

— Жаңа айтқанымдай, біз шағын компаниямыз. Сол себепті үлкен компаниялармен бәсекелесе аламыз деп айтуға келмейді. Дегенмен де, осы компаниялар сияқты болсақ екен дейтін бірнеше компаниялар бар. Солар секілді сапалы жұмыс істесек, адамдарға пайдалы дүниелер ұсынсақ екен деп отырамыз. Мен мықты деп санайтын компаниялардың ішінде iBec Systems, Neolabs, Grafica сынды компаниялар бар. Және ең ұнайтыны – Ticketon, Aviata секілді өнімдерді жасаған «Глатис» компаниясы. Дәл сол компаниялар секілді біздің компаниямыздың да болашақтағы көрінісі мынадай: жасап жатқан жұмысымызды (веб-студия мен Digital-Media — авт) тоқтатпай, дамыту. Бірақ, осы жұмыстар арқылы келген табыстың арқасында біз жеке өнімдерімізді шығарғымыз келеді. Оның бірі – bugin.kz сайты. Ол – робот-агрегатор. Қазақстанда жаңалыққа қызығатындар өте көп. Рейтингтің алғашқы ондығына кіретіндердің бірнешеуі жаңалық сайттары. Осыны ескере отырып, біз жаңа өнім шығарғымыз келеді. Яғни, робот автоматты түрде интернетке бірінші болып салған сайтты анықтайды да, біздің жаңалықтарымызға қосады. Және бір ерекшелігі – сілтемеде тек сайт емес, дәл сол мақала тұрады. Біздің мақсатымыз – адамдарға жаңалықты ыңғайлы етіп көрсету. Бұның шетелде бірнеше баламалары бар, тәжірибеде қолданылған. Мәселен, Yahoo World Thimblers, Flipboard. Он шақты жаңалық сайттарын бір сайтқа біріктіреді. Және жеке кабинет жасау да ойда бар. Ол кезде адамдар өздеріне керек деген жаңалықтарды ғана оқи алады.

-Ал, сол жаңалықты таратқан сайт тарапынан қарсылық болса, қалай шешесіздер?

-Сілтеме береміз. Заңды түрде зерттеп көрдік. Сілтеме берсе, заң бұзушылық болып есептелмейді екен. Біздің мақсатымыз адамдарға барынша ыңғайлы қызмет ұсыну. Бірақ, көпшілік сайттар бұған қарсы болатын шығар деген де қауіп бар. Ашылған соң көрерміз енді. Әзірге сайттың тек бета-нұсқасы ғана жұмыс істеп тұр. Бұл таза жаңалықтар сайты болады. Уақыт өте келе жарнаманы да өзгеше тәсілмен қосу туралы ойымыз бар. Осы өнімді соңына дейін жеткізіп алайық, содан кейін келесілері туралы айта жатармыз.

Aibek Jadyra

— Bugin Group құрылғалы бері еліміздегі ІТ-нарығында қандай өзгерістер әкеле алды?

-Біріншіден, көптеген тұтынушыларымыздың өнімдерін интернет бетінде жарнамалауға, қосымшаларын жасауға ат салыстық. Біз жұмысты енді бастап келе жатқанда, сайтқа деген қызғушылық мұндай болмаған еді. Ал, бүгінде дамып келеді. Нарықта, бәлкім, ешқандай өзгеріс әкелмеген болармыз, бірақ біз жасаған сайттар тапсырыс берушілердің игіліктеріне қызмет етіп жүр деп айта аламын.

-Сол сайттардың қазіргі жағдайы қалай?

-Олардың шамамен, 80 пайызы жұмыс істеп тұр. Қалғаны уақыт өте келе мән бермей, салғырт қарағандықтан жабылып қалған.

-Қазір ұялы телефонға арналған қосымшаларын жасау қаншалықты маңызды?

-Google Analyticks немесе Яндекс Метрика құралдарын қарап отырсақ, біз жасаған 12 сайттың 40-50 пайызына адамдар ұялы телефон арқылы кіреді. Яғни, мобильді нұсқаның қажеттілігі жоғары. Бүгінде бәрінде смартфон бар. Сол смартфонға лайықталып жасалған нұсқасын қараған, ыңғайлырақ. Демек, егер сайттың мобильді нұсқасын жасамасақ, 2 тұтынушының бірінен айрылып қаламыз деген сөз. Себебі, біз оған қолайсыздық келтіріп отырмыз. Кез келген сайттың мобильді нұсқасы міндетті түрде болуы керек. Жасаған он шақты қосымшаның тек екеуі ғана басқа. Қалғандары сайттардың мобильді қосымшалары. Екі қосымша туралы айтсам, бірі – ойын, екіншісі – онлайн қызмет көрсету. Өкінішке орай, екінші қосымша қазір жұмыс істемейді. Ол көлік және жылжымайтын мүлік сату/атып алу қызметтерін ұсынатын. Ал, ойын екі платформада да қосулы.

-Маман ретінде пікіріңізді білгіміз келеді. Көпшілік мемлекеттік органдардың сайттарына сын айтып жатады. Сіздің көңіліңіз тола ма?

-Шыны керек, көңілім толмайды. Ол жердегі басты қателік – мамандардың болмауы. Дизайны онша емес немесе дайын шаблонда жасалған болады. Өзіндік фирмалық стилі қалыптаспаған. Одан қалса, хакерлер шабуылы деген бар. Сайтты үнемі қадағалап, техникалық қолдау жасалмаса, бір сәтте құлап қалады. Негізі, ондай шабуылға ұшыраған сәтте ең көп дегенде бір сағаттың ішінде олқылықтың орнын толтыру керек. Бізде де сапасыз сайттар болған, қазір де бар. Бірақ, алдағы уақытта ондай қателіктердің орын алмауына мән беретін боламыз. Көбіне құзырлы органдардың сайттарын жасату барысында дайын өнімді қабылдап аларда не алып жатқанын білмейтін адамдар боп шығады. Сол себепті көптеген қателіктерге бас ұрады. Ең көп таралған қателік – сайттағы админнің логині мен құпиясөзі. Бастапқыда қойылған оңай түрімен қалып қояды, немесе 12345 сынды құпиясөз кейпінен өзгертілмей қалады. Міне, ондай жағдайларда сайтқа бұзып кіру оңай болады. Құпиясөз тек сан не әріптерден құралмауы керек, 8 символдан аз болмауы керек. Біз арнайы «Генератор паролей» атты бағдарламаны қолданамыз. Сол арқылы құпиясөзді генерациялаймыз.

-ІТ нарықтағы тенденцияларға тоқталып кетсеңіз…

-Бүгінде мобильді қосымшалар жақсы дамып келеді. Бірақ, төлем жүйелері бір жолға қойылмаған. Болашақта e-commerce саласы қатты дамиды деп ойлаймын.

-Жассыз. Бірақ, кәсіпкерлікте біраз тәжірибеңіз бар. Өзіңіз сияқты жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

-Ең сәтті деген кәсіпкерлердің сөзіне сүйенсек, табандылық қажет деп жатады. Бірақ, Қазақстан бұл сәл өзгешелеу. Себебі, қайтпай жүргенннің өзінде еш нәрсеге қол жеткізе алмай қалуың мүмкін. Әлі де болса бәсекелестер аз. Сондықтан, қорықпау керек. Шетелде дамып кеткенді бізде де дамытуға болады. Бірақ, жергілікті желі әлсіз ғой бізде. Мысалы, Алматыда жақсы ашылып  тұрған сайт Атырауда дұрыс ашылмауы бек мүмкін. Бұл – аумақтың үлкендігіне байланысты. Айтар кеңесім – өз ісінің маманы болу керек. Егер болмаса, болуға талпыну керек. Екіншіден, өз ісін бастағандарға команданы дұрыс жасақтай білу керек. Меніңше, 99 пайызы команданың жұмысына байланысты келеді де, 1 пайызы мықты идея болуы мүмкін. Сол себепті ұжыммен жұмыс істеуді үйренсе, жетер жетістік де көп болады.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра Аққайыр «7»