АЭС салу туралы шешім қоғамдық тыңдау мен қауіп жоғына көз жеткенде ғана қабылданады

140
АЭС
Фото: YouTube

Нұр-Сұлтан.4 сәуір. 7kun.kz — Қазақстан АЭС салу туралы шешім қоғамдық тыңдаудан кейін және қауіпсіздігіне көз жеткен кезде ғана қабылданады, деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.

«Жүргізілген бағалауға сәйкес еліміздің электр қуатының болжамды балансында 2030 жылға қарай Қазақстанның Оңтүстігінде 2,7 ГВт-қа дейін базалық қуат тапшылығы болуы мүмкін. Осыған орай, еліміздің оңтүстігінде бу-газ, гидро және атом станцияларын салу сияқты әртүрлі отын және энергия көздерін пайдалана отырып, базалық және маневрлік генерацияны енгізу арқылы тапшылықты жабу мүмкіндігін қарастырып отыр»,-делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.

Ал қазір, алдын ала даурығып, тұжырымдар жасауға және негізсіз алаңдауға себеп жоқ, дейді министрліктегілер.

Салынуы мүмкін АЭС-тің экономикалық және техникалық параметрлерін нақтылау және реакторлық технологияны таңдау үшін Техникалық-экономикалық негіздеменің Маркетингтік бөлімі әзірленді. Онда нарықта бар III+ реакторлық технологияларды талдау, сондай-ақ 5 елдің реакторлық технологияларды жеткізушілерімен, соның ішінде ресейдің Росатом компаниясымен ақпарат алмасу жүргізіледі.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған сапарында Владимир Путин Қазақстанда ресейлік технологиялармен АЭС салуды ұсынған еді. Бұл бірден әлеуметтік желі, БАҚ-да қызу талқыға түсті.

АЭС салу туралы алғаш рет 1998 жылы айтылған еді. Бірақ қоғамның оған деген негативті көзқарасынан кейін бұл тақырып әрі қарай талқыланбады.

2017 жылы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан АЭС салу керектігі туралы шешімді 2018 жылы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін зерттеген соң ғана қабылдайтынын айтқан болатын.