Қайырбек Өскенбаев: Құрылыс саласын цифрландыру үшін бюджеттен қаржы алмаймыз

788
құрылыс
Қайырбек Өскенбаев

Өткен аптада Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының ұйымдастыруымен  «Құрылыс саласындағы сандық трансформация» атты Халықаралық конференция өтті. Алыс-жақын шетелдермен қатар құрылыс саласына қатысы бар мамандар қатысты. ҚР үкіметі атында жиынға қатысқан ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевқа саланы цифрландыруға қатысты бірнеше сауал қойған едік. 

— Қайырбек Айтбайұлы, Қазақстандағы құрылыс саласында цифрлық трансформация қалай жүріп жатыр және қандай өзгерістер болуы мүмкіндігін айта кетсеңіз.
— Біздегі құрылыс компаниялары бұл жұмысты бұрын бастаған. Қазір көп жұмыс жасалып жатыр, жасалды да. Біздегі ең маңызды үй мәселесі. Оның ішінде халықтың ПИК-терге (Пәтер иелері коопреативтері — ред.) реніші. Сіз олардың қазыметі үшін ақша төлейсіз. Бірақ, олардың не істеп, не қойып отырғанын білмейсіз. Жөндеп отыр ма, жоқ па? Таңертең келіп, кешке кетесіз. Ал цифрландыру жүзеге асса, соның барлығы айқын, көз алдыңызда болады. Трансформация жасаса, сіз өзіңіздің ұялы телефоныңыздан порталға кіріп, жүзеге асып жатқан жұмыстарды көре аласыз. Материал алса, қандай бағамен алып жатыр, жоспар бойынша жұмыстар жасалып жатыр ма, төлемақысы қанша, жалақысы қандай екен деген сияқты. Сосын барып өз пікіріңізді айта аласыз. Бұрынғыдай ПИК жиналысына қатыса алмай, маңызды мәселелерді естімей қалу жоқ. Күнделікті, кез келген жерде, кез келген уақытта уәжіңізді жеткізе аласыз: бізде жарық жанбайды, мына жұмыстарыңыз дұрыс емес –деген секілді пікіріңізді бірден жеткізе аласыз. Мұның бәрі порталға тіркеледі. Сіздің пікіріңіз түгел жазылып қалады. Сосын ол жүйеге әкімшілік те қосылады. Мысалы, бір үйдің атына бір айда бірнеше арыз түссе, әкімшілік ол ПИК-ке бірден назар аударады. Бүкіл қала бойынша ПИК тексеріп әуре болмай, тек шағым түскендерін ғана тексеретін болады.

— Ал, құрылыс саласында ше? 

— Ал құрылыс мәселесі бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Өте қарапайым мысал: қазір үйдің макетін қағазбен сызбай, компьютерде жасауға болады. Сол инфрақұрылым ішіндегі кем-кетікті тінтуірді әрі-бері жылжытып-ақ көре аламыз. Цифрландыруға көшудің басы осы. Бұл өте тиімді. Жұмыстарға келсек, салаға қатысты бүкіл заңдарымызды сәйкестендіруіміз керек. Ол көп жұмыс. Оны енгізбесек, жаңағы қарапайым жұмыстардың өзін іске қосу қиын. Өйткені жоба жасап жатқанда «біздің заңдарымыздың бұған сәйкестігі қандай?» деген мәселе туындайды. Сосын оны тексеру мәселесі туындайды. Ондай технологиялар негізі көп әлемде. Мұны ұсынатын ең кемінде 15-20 компания бар. Оның біреуін кіргізіп монополия жасауға болмайды. Өйткені ол бүгін саған 5 теңге беріп тұрады жаңа бағдарлама үшін. Ертең жалғыз қалғанда 100 долларға да ала алмайсың. Сол себептен олар түгел кіру керек. Олар түгел кіргенде біздің сараптама жасайтын органымыз бірқатар жұмыстар атқарады. Бұл бағытта біз қазір сингапурлықтармен жұмыс істеп жатырмыз.

— Сингапурдан басқа тағы қандай елдер бар? 

— Финляндия бар. Бірақ, финдар Сингапурдан алған. Бірінші олар сол жерден үйренді, сосын өздері ары қарай дамытып алды.

— Цифрландырудың қағазбастықтан басқа қандай артықшылықтары бар?  

— Жоқ, енді ондағы ең бастысы қағазбастық қана емес. Цифрлық деген біздің сана сезімімізді өзгерту. Мен жаңа айтып кеттім. Бұрындары құрылысшыларымыз макетті қағазға сызса, енді үйді компьютер арқылы ойыншық сияқты көтереді. Бұл тек қағаз ғана емес, ПИК-ке де қатысты.  

— Осы жобаны енгізуде қандай кедергілер туындауы мүмкін? 

— Қиындықтар көп. Бүкіл заңды соған сәйкестендіру керек. Оған біраз уақыт кетеді. Қазір мамандармен оны ақылдасып жасаудамыз. ПИК-ке байланысты келісіп, келіспей жатқандар да көп. Ол да біраз кедергі туындатады. Бастысы осы салаға қатысты заңдарға көп өзгеріс енгізуге тура келеді. 

— Жаңа өзіңіз айтып өткен «Е-Шаңырақ» және басқа да бірыңғай құрылыс архитектуралық жүйелеріне қанша қаражат кетеді?

— Мұндағы маңыздысы жер. Жермен жер комитеттері айналысады. Одан әрі архитекторлар жердің үстіндегі жұмысқа жауапты. Ал, жердің астындағы инфрақұрылымға байланысты су арналары, жылу беретін компаниялар, одан соң жердің асты мен үстіндегі энергия беретін компаниялар да бар. Соның бәрін өзінің тілімен айтқанда «қабат» дейді. Біздің мақсатымыз соны түгел біріктіру. Мысалы архитектор, әкім шешім қабылдарда жер теліміне қарастырғанда бәрі ашық болуы керек. Мысалы: мына участокты берсек, мынадай инфрақұрылымдар бар екен деп бар нәрсені айқын көріп отыруы керек. Кейде біз ренжиміз ғой. Кеше ғана асфальт салып еді, бүгін қайтадан қопарып жатыр деп. Себебі асфальт салатын бір мекеме, асфальт астында жатқан инфрақұрылым басшысы басқа мекеме. Өйткені үстіне асфальт салып тастағанда, инфрақұрылым иесі трубаны ауыстыру керек, ескіріп қалды деуі мүмкін. Алдағы уақытта мұның бәрі бірге жүзеге асуы керек. Әр бағытқа жауапты компаниялар мәселені, жоспарды бірдей көріп, қатар әрекет ете алуы керек.

— Сонымен, цифрландыру жүйесіне бастан аяқ қанша ақша бөлінеді және мерзімі қандай? 

— Цифрландыруда ең ерекшілігі бюджет қаржысын аса қажет етпейді. Өйткені онда ең маңыздысы адамның миы. Біздегі көптеген IT-компаниялар өзіміз-ақ шығарып берейік деуі мүмкін. Онда біз ештеңе жұмсамаймыз. Оның неше түрлі жолдары көп. Қазір мен тікелей, мынадай ақша сұрап отырмыз деп нақты айта алмаймын. 

— Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан Айдана Абдрахманова «7»