Астана. 30 қыркүйек. 7kun.kz — Алкоголь акциздерінің бағасы көтерілсе мемлекет бюджетіне жылына шамамен 20 млрд теңге пайда түседі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев салық салу және кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру бойынша заң жобасын әзірлеу кезінде мәлімдеді.
«Алкоголь өнімдерінің акциз құнын өсіруді осы өнімдерді өндіруші қауымдастықта ұсынып отыр. Бірақ өндірісте қолданылатын этиль спирті акциздерінің бағасын түсіру қажет. Бұл арқылы біздің өндірушілер ресейлік және басқа да елдердегі импорттық тауарлардың бағасымен бәсекелесе алады. Сондықтан біз сәйкестендіру саясатын жүргізіп жатырмыз. Айта кетейін акциз бағасы орта есепен 45%-ға дейін көтеріледі және шамамен бюджетке 20 млрд теңге көлемінде табыс әкеледі», — деді Бишімбаев.
Оның сөзінше, акциз бағасын көтеру 2017-2019 жылға жоспарланған.
Айта кетейік, ҚР Президентінің 26 маусымдағы №590 Жарлығында акциздік саясаттың реттеуші рөлін күшейту үшін темекі, алкоголь және мұнай өнімдерінің акциздері біртіндеп көтерілетіні туралы айтылған.