Алматыға егеуқұйрықтармен күресу үшін 25 млн теңге бөлінеді

Алматы
Фото: Arnapress.kz

Алматы. 15 қараша. 7kun.kz — Алматы қаласына індет ауруларын тарататын кеміргіштермен күресуге жылына 25 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлайды.

Бірақ қала тұрғындары зиянкестермен күресу кезінде жүргізілетін амалдар тиімсіз екенін, керісінше, қалада егеуқұйрықтардардың көбейіп жатқанын айтады

«Алматы қаласында кеміргіштердің көбеюіне аймақтың үлкендігі мен жылы климат әсер етеді. Сондықтан да егеуқұйрықтылардың көбею көрсеткіші жоғары. Бірақ бұл алдыңғы жылға қарағанда еш өзгеріссіз. Қазіргі таңда егеуқұйрықтармен күресу шарасының екінші кезеңі өтіп жатыр. Егеуқұйрықтармен күресу препараттары кеміргіштерге 5-6 тәуліктен соң әсер етеді. Олар уды қабылдаған соң ісініп, ашық алаңдарға шығады. Сондықтан да тұрғындар кеміргіштерді көбейіп кетті деп ойлайды»,- деді қаланың бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов.

Сондай-ақ, ол қазір Алматы қаласының Наурызбай мен Әуезов ауданынан бөлек алты ауданда (яғни, 70 пайызына) егеуқұйрықтармен күресу жұмысы жүргізілгенін айтады. Кеміргіштерге тек арнайы препараттарды ғана қолданбай, түрлі қақпандар қойылатынын мәлімдеді.

Ал дезинфекция орталығының директоры Есен Бекбосынов тұрғындарының зиянкестермен күресуші арнайы мамандарды үйіне кіргізуін және өздері отырған аймақтың тазалығын сақтауды сұрайды.

Зүбайра ЖАМАНБАЙҚЫЗЫ «7»