Алматы қаласының алма музейін ашуға бір қадам жақындадық

Алматы қаласының алма музейін ашуға бір қадам жақындадық

 Достар, менде жақсы жаңалық бар!

Өздеріңіз білетіндей мен алманы пайдалану мәдениетін, алмалы өңірдің тарихын, Алматы қаласын алмалы өңір ретінде дамыту мақсатымен наурыз айында «Алмалы жұмақ» қайырымдылық қорын құрған едім. Содан бері біз көптеген қайырымдылық және мәдени акциялар өткіздік. Мүмкін кейбірін сіздер естіген де шығарсыздар (Алматы қаласы мен Көктөбеде алма отырғызу, Абай атындағы МАОБТ-нің театралдық музейін құру, Қастеев атындағы музейде алмаға арналған екі айлық көрме, Түркісіб деректі фильмін көрсету т.б).

Алайда біздің басты жобамыз Алматы қаласының алма музейін құру кейінге шегеріліп келген еді. Оған себеп көп болды. Бірақ басты себеп — музейге ыңғайлы ғимараттың болмауы. Ғимарат іздеп бармаған жеріміз жоқ – әкімшілік, риелторлар, жеке тұлғалар. Бәрі нәтижесіз. Ондаған ғимарат пен орынды көрдік. Қаладағы барлық тарихи ғимараттарды қарадық. Бәрі бізге қолайсыз болды. Орналасқан орны, көлемі, архитектурасы, бағасы…

Енді міне сегіз айлық іздеуден кейін біз Алматы қаласының алма музейі деген атқа барлық жағынан қолайлы орын таптық. Бүгін Ажар Жандосова бастаған «Алмалы жұмақ» қоры мен Жанна Асқарова бастаған Д.Қонаев қоры Жібек жолы-Панфилов көшесінің қиылысындағы тарихи ғимаратта алма музейін құруға келістік. Баршаңызға екі көшенің қиылысындағы осы бір әдемі, көне ғимарат таныс деп ойлаймын. Ғимараттың жалпы аумағы 350 шаршы метр. Ғимаратқа 156 жыл болған. Тариғи ғимарат. Мемлекет қамқорлығына алынған. Өкінішке қарай биыл өрт шығып, өрт сөндірушілер су шашқан. Сондықтан оны түбегейлі жөндеу керек.

Бірақ, ғимараттың тарихи маңызы, орналасқан орны, ескі Алматының рухын көрсетіп тұрған бейнесі толық сақталған. Ғимараттың осы тұрысының өзі тарих. Шетелге сапар кезінде кез-келген қаланың анықтамалығынан әйтеуір бір музей табылады. Көпшілігінің тақырыбы жоқтан жонып жасалған. Мысалы, бәтіңке, шоколад, бас киім, дөңгелек музейі деген сияқты. Жергілікті тұрғындардан бұл музей не үшін міндетті түрде осы қалада болу керектігін сұрасаң, әйтеуір бір себебін айтады. Яғни көптеген қалалар мен тұрғындары музейге тақырыпты ойдан шығарады. Ал бізде тақырып дайын. Біздің қаланың аты. Біздің санамызда. Алма — біздің тарихымыз. Мені бізде мұндай музейдің болмауы ылғи қынжылтатын. Осындай музей құруды армандайтынмын. Енді, міне, менің және көптеген алматылықтардың арманы орындала бастады. Жақында біз Алматы қаласының алма музейінің жобасына конкурс жариялаймыз. «Алмалы жұмақ» қорының жарияланымдарына көз сала жүріңіз.