Алматы әуежайын кеңейту қажет

11
Фото: zaleskiy.com

Былтыр күзде Алматы әуежайында екінші терминал салынатыны белгілі болған. Қала әкімі Бауыржан Байбек V инвестициялық форумда: «Заманауи VIP-терминал, транзиттік аймақтың халықаралық ұшу залы кеңейтіледі. Тамақтану саласында қызмет көрсететін компаниялардың жұмысын жақсартуға халықаралық компанияларды шақырамыз. Әуежай басшылығы екінші терминалдың құрылысын бастау туралы шешім қабылдады», – деген-ді. Алайда шаһар басшысы бұл шаруаның бір жыл емес, бірнеше жылға созылатынын да ескерткен.  

Алматы қаласының әуе бекеті еліміздегі, әрі орталық Азиядағы ең үлкен әуежайлар санатында. Халықаралық Алматы әуежайы хаб статусына ие. Қазақстанда 2015 жылы әуе арқылы 12,1 млн жолаушы тасымалданған екен, оның 5 миллионы, яғни 42 пайызы Алматы арқылы ұшқан. Салыстырмалы түрде Ташкент әуежайы сол жылы 2,9 млн адам қабылдаған. Бүгінде халықаралық көлік-дистрибьютерлік торап Азия-Еуропа-Азия бағытындағы негізгі жүк ағымдарын тартуға бағытталған.

Алдағы уақытта Халықаралық Алматы әуежайы 60 миллионға жуық адамы бар Орта Азия өңіріндегі нарығы үшін жүк хабының барлық артықшылығын дамытуға мүмкіндігі зор. 2007 жылы Халықаралық Алматы әуежайының құрамындағы Жүк тасымалдау қызметі ISO 9001-2000 халықаралық сапа сертификатын алды. Жүк тасымалдау қызметінің білікті персоналы халықаралық тренингтерден өткен, сонымен қатар қауіпті жүк пен паллетайзингтерді рәсімдеуге арналған сертификатқа ие.

Халықаралық Алматы әуежайының қолданыстағы жүк терминалының жалпы аймағы 28000 шаршы метрді құрайды, соның ішінде уақытша сақтау қоймалары мен транзиттік-трансферлік аймақтар. Терминалда қауіпті жүктерді сақтауға арналған орындар, ірі габаритті жүктерге арналған жабық бөлмелер, халықаралық талаптарға сәйкес келетін техникалық және өндірістік параметрлер, бағалы жүктерді сақтауға арналған сейфтер, жалпы көлемі 240 шаршы куб және температуралық режимі +10 С0 тан 18С0 дейінгі тозаңытқыш камералар бар. Жүкті тиеп-түсіру жұмыстарына арналған техниканың барлық түрімен жабдықталған қоймалар халықаралық талаптарға сай.

Алматы әуежайының вице-президенті Александр Гордеевтің айтуынша, терминалдың өткізу қабілетін арттырудың бірнеше жолы бар. «Қазіргі терминал сағатына 1600 жолаушыны өткізе алады. Оның, жергілікті әуе жолдары павильонын қосқандағы аумағы 23 мың 700 шаршы метр. Қауырт кезде бұл жеткіліксіз, соңғы бір-екі жылда біз осы режимде жұмыс істеп жатырмыз», дейді әуежай басшылығы. Оның айтуынша, әуежайдың стерильдік аймағы небәрі 850 шаршы метрді құрайды. «Терминалдың өткізу қабілетін арттырудың бірнеше концепциясы бар. Алдағы бір-екі жылда мәселе шешімін табады. Ұтымды шешімдерді іздеп жатырмыз, бұл оңай шаруа емес. Атап айтқанда, терминалдың аумағын ескі VIP ғимараты жаққа қарай ұлғайтуды да қарастырдық, бірақ ғимарат жергілікті маңызға ие сәулет ескерткіштері тізіліміне кіргізілгендіктен, бұл ретте қиындық туындайды. Осы тұрғыда басқа да амалдарды қарастырып жатырмыз. Әуежайдың өткізу қабілетін арттыруға қатысты нақты шешім қабылданған соң мәлім етеміз», дейді ол.

Әрине, Алматы əуежайына екінші терминалдың қажеттігі айтпаса да түсінікті. Тіпті, қалаға екінші әуежай керек дейтіндер де көп.

Мәселен, қоғам белсендісі Қуат Домбай: «Егер Алматыда жаңа терминал емес, жақсы үлкен аэропорт салынса ол болашақта қаланы Дубай сияқты дамытатын объект болады. Былтыр 180 млн Қытай азаматы шет елге барып қыдырыпты. Бұл көрсеткіш алдағы бес жылда екі есеге өседі деп болжануда. Қытайдан, Азия елдерінен ұшатын рейстердің Алматыға аялдау арқылы Еуропаға бет алуы біздің әуежайымызда қалатын қыруар ақша» дейді.

Шынында, жаңа әуежайды қайдам, екінші терминал салынса, қолға алатын шаруа жетерлік. Ең әуелі транзиттік туристерге жағдай жасау керек. Ол үшін транзиттік залдар ашу қажет. Оның үстіне халықаралық ұшуға арналған аймақтар тар. Мұндай мүмкіндіктер Алматы әужайында жоқ. Осының бәрі жасалса, қосымша әуебағыттары ашылып,  нарыққа жаңа әуекомпанияларды тартуға серпін болмақ.

Әлемнің ірі қалаларының әуежайындағы қызмет көрсету сапасының жоғары екені рас. Толассыз жолаушы мен әр минут сайын ұшып-қонып жатқан ұшақтардың еш кідіріссіз діттеген жеріне жетіп жатуы жұмыстың мінсіз атқарылып жатқанын көрсетеді. Сол сияқты Алматы әуежайы да әуелі терминалды кеңейткені абзал.  Себебі Алматы әуежайы жолаушылардың тығыздығы бойынша ТМД көлемінде төртінші орында. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді. Транзиттік туристер мен ішкі тұтынушылар үшін Алматы әуежайының маңызы осылай арта түсуде. Одан бөлек транзиттік туристердің саны 67 пайызға өскен. Олардың көбі  ресейліктер, украиндар, қытайлар мен үнділер, сондай-ақ, Еуропаға жол тартқан туристер.