Алматы балабақшаларында орынның жетіспеуін кәсіпкерлер шешіп бермек

892
балабақша

Алматы. 21 қаңтар. 7kun.kz — Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Алматы әкімдігі «Н. Назарбаевтың білім беру қоры» ҚҚ, «Ақсәулет» ЖШС және «Платан» ЖШС-ларымен бірігіп, серіктестік жөнінде Меморандумға қол қойды. Келісім барысында үш балабақша салу жоспары жасалды. Бұл жөнінде әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Соңғы бес айдың өзінде әлеуметтік инфрақұрылымға 30 млрд теңге инвестиция құйылған. Алдағы уақытта мектеп, емхана, үлкен стадион және 24 балабақша бюджет қаржысынан тыс салынатын болады», — деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Балабақшалар Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі «Әлеуметтік бағытталған қала» даму бағдарламасы аясында ең маңызды деген 7 бағытының бірі арқылы салынады.

Осылайша, «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» ҚҚ Бостандық ауданында 140 орны бар балабақша, «Ақсәулет» ЖШС Әуезов ауданында 180 орны бар балабақша, «Платан» ЖШС Алатау ауданында 320 орындық мектепке дейінгі мекеме салып беретін болды. Сондай-ақ, Алмалы және Жетісу аудандарындағы екі балабақшаға қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі.