Алматы облысында буаз сиырларды сойып, етін сатқан ұрылар ұсталды

169
Алматы
Фото: Prime.md

Алматы. 26 қараша. 7kun.kz — Алматы облысының полицейлері ұрланған сиырлардың етін сатқан қылмыстық топ мүшелерін құрықтады. Қылмысты ашуға бағытталған шара барысында жедел-іздестіру тобы күдіктілерді анықтап, ұстады, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

19 қараша күні Жамбыл аудандық полиция бөліміне Жайсаң ауылының 48 жастағы тұрғыны қорасындағы жақында бұзаулайтын екі сиырының түнде ұрланғаны туралы хабарлаған. Бірнеше сағат ішінде аудандық жедел уәкілдер алматылық базарлардың бірінде ұрланған сиыр етін сатқан 4 күдіктіні қолға түсірген.

«Топ мүшелерінің барлығы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары болып шықты. Олардың бірі — Балтабай ауылының бұған дейін кісі тонау және ұрлық, оның ішінде мал ұрлығы үшін бірнеше рет сотталған 27 жастағы тұрғыны. Тергеу барысында күдіктілердің малды сойған жерінен жетілген екі бұзаудың өлігі мен сиырлардың басы, терісі және ішек-қарындары табылды. Аталған айғақзаттар тергеу материалдарына тіркелді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта облыста мал және ет өнімдерін саудалауға тексеру жүргізіліп жатыр», — делінген баспасөз хабарламасында.

Қазіргі таңда ұсталған азаматтардың осыған ұқсас қылмыстаға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, күдіктілер түрмеге қамалды және ҚР Қылмыстық кодексінің  188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіледі.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыста мал ұрлығына қатысы бар 60 астам барымташылар тобы құрықталып, олардың 140 жуық мал ұрлығын жасағаны дәлелденген. Полиция қызметкерлері зардап шеккен ауыл тұрғындарының малын іздестіріп, 700 астам малды заңды иелеріне қайтарған.

2019 жылы ветеринарлық қызметпен бірлескен өзара іс-қимыл барысында  мал тасымалдау тәртібін бұзудың 656 дерегі анықталып, 277 материал тіркелген. Заң талабын бұзушыларға 8 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.