Алматы облысында шағын және орта бизнестің табысы артып келеді

395
бизнес
Фото: forbes.kz

Алматы. 26 шілде. 7kun.kz — «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы бақандай 9 қадам мемлекеттік кірістер органдарына тікелей қатысты. Осы саяси құжаттағы 41-қадамда «Мүлікті және қаржыны заңдастыру ресімдерін оңайлату» туралы айтылған. Былтыр мүлікті заңдастыру жүйесін оңтайландыру ережесі күшіне енгелі бері Жетісу өңірінде бұл бағытта оң нәтиже байқалады. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады.

Мүлікті заңдастыру туралы акция басталған 2014 жылы Алматы облысы бойынша бағалау құны 108,2 млн. теңгені құрайтын мүлікті жария етуге бар болғаны бір өтініш түскен болатын. Ал 2015 жылдың желтоқсанынан бастап өтініш берушілер қатары артқан. Нақтырақ айтсақ, 2015-2016 жылдар аралығында 36 өтініш қаралып, 6,2 млрд. теңгенің мүлкі заңдастырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Таукен Ошақбаев мәлімдеді.

2016 жылдың І жартыжылдығында бюджетке 24,2 млрд теңге түсім түскен.

Елімізде кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету көкжиегі жылдан жылға кеңейіп жатыр. 2014 жылы шағын және орта бизнес саласы бойынша қазынаға 25,4 млрд. теңге түскен болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 30 млрд теңгеге жеткен.