Алматы облысында табиғатқа залал келтірген 70-ке жуық қылмыс анықталды

30
Алматы
Фото: madhunter.ru

Алматы. 10 қазан. 7kun.kz — Алматы облысының тәртіп сақшылары табиғат қорғау органдарымен бірлесе отырып, 5 күн ішінде табиғат қорғау заңнамасының талаптарын бұзудың 67 дерегін анықтады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«Оның 16 дерегі бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды,- деп атап өтті департаментте.

Алматы-Өскемен автожолында Шығыс Қазақстан облысының 40 жастағы азаматының көлігінен тасымалдауға қажетті құжаттары жоқ 5 тонна ақсерке балығы табылды. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген шығын есептеліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде істің мән-жайы анықталады.

Бұған дейін полицейлер Балқаш ауданынында жабайы шошқаны заңсыз атқан жергілікті тұрғынды ұстады. Оның мемлекетке 630 мыңнан астам шығын келтіргені анықталды.

Сондай-ақ, Кербұлақ ауданының тұрғынын пайдалануға тыйым салынған электр тоғы бар қармақпен балық аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделеді.

Қапшағай су қоймасында Іле ауданының заңсыз балық аулауды кәсіп қылған төрт тұрғынынан 4 қайық және олардың қозғалтқыштары мен 159 кило балық тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ақпаратқа сәйкес, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы 5 қазанда басталды, айдың соңына дейін жалғасады. Бес күн ішінде полицейлер заңсыз ағаш кесудің – 9, балық аулау заңнамасын бұзудың — 6, аң аулаудың бір дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, 47 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырған.