Алматы және Астана университеттерінде оқу ақысы қандай?

1137

2015-2016 оқу жылы Астана  және Алматы қалаларында оқу ақысы қандай болатынын Tengrinews.kz тілшісі анықтады. Білім және ғылым министрлігінде ЖОО-да білім алу бағасы көтерілмейді деп отыр.

Өткен жылдардағыдай ең қымбат университеттер ҚБТУ мен KIMEP болып қала береді.

ҚБТУ (Алматы) қабылдау комиссиясының айтуынша, оқу ақысы ҰБТ-дан алған ұпайға байланысты болады. Мәселен, 50 баллдан жоғарыларға — миллион 950 мың теңге, 70 баллдан бастап — миллион 400 мың теңге. Және де қазақ-түрік лицейлері, физика-математикалық гимназиялар түлектері мен халықаралық олимпиада жүлдегерлері үшін де қосымша жеңілдіктер қарастырылған.

«Бізде бір пәннің бағасы 150 мың 240 теңге тұрады. Келесі курсқа өту үшін студенттер кем дегенде 10 пәннен сабақ алулары керек. Төрт жылдық оқуды қорытындылау үшін 12 пән оқиды. Яғни, миллион 500 мың теңгеден басталып, миллион 700 мың теңгеге дейін төлейді», — дейді қабылдау комиссиясындағылар.

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Астана) оқу үшін қалтаңыздан жыл сайын 650-710 мың теңге шығып тұрады. Астана қаласындағы ҚазГЗУ (КазГЮУ) оқу ақысы 480 мыңнан 680 мыңға дейін жалғасады.

Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқу бағасы — 770 мың теңге.

620-700 мың теңге арасында төлейтін жағдайыңыз болса, Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға барсаңыз болады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетінде оқу құны 440-567 мың теңге аралығында. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жылына 355 мың теңгеге оқи аласыз.

Осы оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемі 39 994 орынды құрайды. Оның ішінде, бакалавриат — 32 168 грант, магистратура — 7 241 грант, докторантура — 623 грант бөлінген.

«Жылда техникалық мамандықтарға гранттар көбірек бөлінеді. Барлық мемлекеттік тапсырыс көлемінің 42,4 пайызын құрап отыр. Білім және ғылым вице-министрі Тәкір Балықбаев қазақ бөлімі үшін гранттың 75 пайызы, орыс бөліміне — 25 пайызы беріледі деген еді.

Ақпарат көзі: Тengrinews.kz