Алматы. 1 маусым. 7kun.kz — Халықаралық балаларды қорғау күні Алматыда Koktobe city тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңы аумағында 540 оқушыға арналған High Tech Academy инновациялық мектебінің құрылысы басталды, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі.
Жаңа мектеп ғимаратының құрылысына 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ.
Іс-шара оқушылардың болашақ буынына жолдау салынған уақыт капсуласын салудан басталды. Бұл капсуланы 2044 жылы мектептің оқушылары ашады.
Жиынға Финляндия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Микко Кивикоски, High Tech Academy негізін қалаушы, KUSTO тобының директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев, High Tech Academy директоры Татьяна Бассо және мектеп оқушылары қатысты.
High Tech Academy — финдік педагогиканы және жоба арқылы оқыту әдісін (Project-Based Learning) ұсынатын Қазақстандағы жалғыз мектеп. Parviainen бюросы сәулетшілерінің идеясының негізінде оқытудың финдік идеологиясы жатыр. Сондықтан жоба еркін кеңістікті, академиялық материалды физикалық жүктемемен зерделеуді, оқушылардың белсенділік пен демалыс аймақтарына бөлінген оқу кеңістігінің ішінде кедергісіз қозғалысын қарастырады.
«High Tech Academy (HTA) академиялық және инфрақұрылымдық тұрғыда мектепті құру мен дамыту үшін Финляндия тәжірибесін қолдану туралы шешім қабалдығанына алғысым зор. HTA — фин білім беру моделінің үздік тәжірибелері жергілікті мәдениетпен және қажеттіліктермен бірігуінің тамаша үлгісі. Финляндия HTA-мен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын»,-деді Кивикоски.
Кoktobe city тұрғын үй кешені аумағында жұмыс істейтін мектеп арт және музыкалық мектебі бар балалар білім беру орталығын, бассейн мен фитнес-орталықты, би студиясын, жауынгерлік жекпе-жек залын, көпфункционалды спорт алаңын қамтиды.
«High Tech Academy-мен біз Қазақстанда жаңа білім беру кеңістігін құрудамыз. Мұнда нақты ғылымдарды зерттеп қана қоймай, әлемді танып, өз орныңды табу үшін жағдай жасалады. Біз балаларымыздың қиялға беріліп, тәжірибе жасауға, қателіктерден қорықпауға, оларды түзетуге және алға қарай қадам басуға мүмкіндік алғанын қалаймыз», – деді мектептің негізін қалаушы Еркін Тәтішев.
Сонымен қатар, 2020-2021 оқу жылында High Tech Academy халықаралық мектеп мәртебесін алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, High Tech Academy мектебінің негізін 2017 жылы Kusto тобының акционері Еркин Татішевсалды. Мектепте 31 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 6 шетелдік сарапшыларды қосқанда 21 педагог жұмыс істейді. Жыл сайын High Tech Academy-де аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды оқытуға 5 грант бөлінеді. Мектеп құрылғаннан бері инвестиция көлемі 400 млн теңгені құрады.